Бүгін, Бүкіл әлемдік Денсаулық сақтау Ассамблеясы ашылуы болады. Бұндай жиын алғаш рет виртуалды форматта өтеді. Бірқатар елдер Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының әрекеттеріне баға беруді жиын күт тәртібіне енгізуді көздеп отыр. Қалай болғанда да кезекті отырыста ДДҰ-ның тағдыры сынға түскелі отыр.

Биыл әлемді дүрбелеңге салған аты шулы вирустан 4,5 млн шамасындағы адам зардап шекті және 300 мыңдай адам көз жұмды. ЕО, Британия, Аустралия, Жаңа Зеландия және АҚШ қатарлы елдер ДДҰ-ның пандемия кезінде дұрыс әрекет жасамағанын алға тартып, кезекті жиналыста жауап алады.

Дегенмен, Ассамблеяда ДДҰ-ның құқықтары мен қимыл көлемін кеңейту істері де қаралғалы отыр. Айталық, кез-келген жұқпалы, қауіпті ауырулар пайда болған жерге халықаралық ұйым дербес тексеру тобын кіргізе алуы мүмкін.

АҚШ-тың аталған халықаралық ұйымды қатты сынға алып, Covid-19 ісіне байланысты Бейжіңге жақтасты деп айыптағанын білеміз. Сондай-ақ, президент Трамп аталған ұйымды қаржылай қолдауды тоқтатты. Бірақ, ұйым бұл айыптарды теріске шығарды және ұйым жетекшісі АҚШ пен Қытай арасында «саяси футбол» болып қалғанын айтып шағынуда.

Қалай дегенмен, Ассамблея ДДҰ ғана емес, әлем үшін аса маңызды болған шешімдерді талқылауға бас қосуда. Бұл жиналыстағы қарарлар алдағы уақытта әлем халықтарының тіршілік дағдысына айналуы да бек мүмкін.

“The Qazaq Times”