Ресми Ақорда Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін күлкіге айналдырған Беларусь Сыртқы істер министрлігіне жауап берді.
Қаңтар айының 22-сі күні Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев журналистер алдында Минск келіссөздеріне қатысты пікір білдірген. Онда ол: «Украинадағы жағдайларды реттеуде Минск келіссөздерінің алатын орны ерекше. Біз бұған ешқандай күмән келтірмейміз және аталмыш келіссөздерге араласып отырған жоқпыз. Бірақ Қазақстан қай уақытта болсын мәселенің түйінін шешуге қол ұшын созуға дайын. Егер мүдделі тараптар кикілжіңді шешуде Қазақстаннан көмек сұраса, біз аталмыш өтінішті тиісті жолдар бойынша қараймыз» - деген.
Естеріңізге салайық, бұған дейін 19 қаңтар күні Беларусь Сыртқы істер министрі Владимир Макей: «Украинадағы жағдайларды реттеуге байланысты келіссөздерді Минскіден Астанаға ауыстыру мәселені шешпейді. Біз өзгелермен салыстырғанда бітімгерлер лаврының артынан жүгіріп жүрген жоқпыз» - деп мәлімдеген.
Ресми Минскінің аталмыш мәлімдемесі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарынан кейін бір күннен соң жасалған. Минскінің бұндай мәлімдеме жасауына Назарбаевтың Уашингтонға ресми іс-сапары кезіндегі «Украина мәселесін шешуде Минск келіссөздері тығырыққа тірелді» деген сөзі себеп болған.