Халықаралық Олимпиада Комитеті Ресейді 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада Комитетінің төрағасы Томас Бах бастаған кеңес мәлімдеме жасады. Олар Швейцарияның бұрынғы Президенті Самуэль Шмидт жетекшілік еткен 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарындағы допинг дауына байланысты 17 айға созылған зерттеудің нәтижелеріне сүйеніп, осындай қорытындыға келген. Бұл туралы ВВС Sport толығырақ жазды.
Оқиға барысы
Зерттеу тобы дайындаған баяндамада Ресей осыдан төрт жыл бұрын Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындары кезінде антидопинг ережелерін бұзғаны туралы дәйектер қамтылған. Халықаралық Олимпиада Комитеті Ресей 2018 жылғы спорттық додадан шеттетілгенімен, оның допинг тексерісінен сәтті өткен спортшылары нейтралды ту астында "Ресейден келген Олимпиада спортшысы" деген атпен қатыса алатынын мәлімдеді. Ресей допинг дауына қатысын толықтай жоққа шығарған позициясында қалды. Мемлекеттің Олимпиада ойындарынан шеттетілгені туралы хабардан соң, Ресейдегі саясаткерлердің пікірі екіге жарылды: олардың бірі бүкіләлемдік спорт жарысына қатысудан толықтай бас тарту керек деп шамданса, екінші топ спортшылардың Халықаралық Олимпиада Комитеті ұсынған талаптар бойынша барғанын қолдап отыр.
Ресей неге кінәлі?
2016 жылы Сочидегі Қысқы Олимпиада ойындары кезінде антидопингтік зертхананы басқарған Григорий Родченков Ресейдің мемлекеттік допинг бағдарламасы мен биліктің тапсырмасымен өзі ойлап тапқан атлеттердің ағзасында анықталуы қиын, бірақ ағзаға үлкен күш беретін химиялық қоспа туралы атышулы мәлімдемесін жасады. Осыдан кейін Бүкіләлемдік антидопингтік агенттік канадалық профессор Ричард МакЛаренге осы мәселенің анық-қанығын анықтауды тапсырды. Профессор жүргізген зерттеулер 2012-2015 жылдар аралығында мыңға жуық ресейлік спортшы 30 спорт түрінен мемлекеттік допинг бағдарламасының арқасында жеңіске жеткенін көрсетті.
Ресейге қандай үкім кесілді?
Ресейде келер жылы өтетін Бүкіләлемдік футбол чемпионатының бас ұйымдастырушысы, бұрынғы спорт министрі Виталий Мутко алдағы уақытта болатын барлық Олимпиада ойындарынан шеттетілді. Оған Сочи Олимпиадасы кезінде жетекшілік қызметінде болғаны үшін допинг дауына тікелей қатысы бар деген айып тағылып отыр. FIFA бұл мәлімдеме келер жылы болатын чемпионаттың дайындық жұмыстарына кері әсерін тигізбейтінін, дегенмен футбол ойыншылары қатаң допингтік тексеруден өтетінін хабарлады. Төменде Ресейге қатысты қабылданған өзге шешімдер берілген:
- 2018 жылы ақпан айында Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына Ресейдің Спорт министрлігінің бірде бір өкіліне аккредитация берілмейді;
- Спорт министрінің бұрынғы орынбасары Юрий Нагорный алдағы барлық Олимпиада ойындарына қатыстырылмайды;
- "Сочи-2014" оргкомитетінің бас директоры Дмитрий Чернышенко "Бейжің-2022" координациялық кеңесінен босатылады;
- Ресей Олимпиада Комитетінің басшысы Александр Жуков Халықаралық Олимпиада Комитеті мүшелерінің қатарынан шығарылды;
- Ресей Олимпиада Комитеті допинг бағдарламасына қатысты тәуелсіз зерттеу жүргізуге жұмсалған 15 млн доллар көлеміндегі шығынды өтеуі керек;
- Егер Ресей Халықаралық Олимпиада Комитеті қойған талаптардың барлығына құрметпен қарап, орындаса, Пхенчхандағы Олимпиаданың жабылу салтанатына қарай санкциялардың күші жойылуы мүмкін.
Осыған дейін қабылданған шаралар:
- Ресейдің 25 спортшысы өмір бойына Олимпиада ойындарына қатысу құқығынан айырылды;
- 2016 жылдың шілдесінде Ресейдің допинг бағдарламасына қатысты Ричард МакЛареннің алғашқы баяндамасы жарық көрген кезде, ресейлік спортшыларды Рио де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарынан шеттету туралы ұсыныстар түскен болатын. Дегенмен Ресейдің жекелеген спорт федерацияларына қатысты ғана жартылай орындалған санкция 217 спортшыға өз бағын сынауға мүмкіндік берді.
- Ресей паралимпиада ойындарына қатыстырылмады және 2018 жылы өтетін қысқы паралимпиаданың бүкіләлемдік додасынан тағы да шеттетілді.
Ресей спортшыларына қандай талаптар қойылады?
Халықаралық Олимпиада Комитеті ресейлік спортшылар жеке не Оңтүстік Корея құрамасының қатарында ойынға қатыса алатынын хабарлады. Жарысқа қатысу туралы рұқсат алу үшін оларға келесідей талаптар қойылады:
- Спортшы өзі жарысқа түсетін спорт түрінен кәсіби стандарттарға толық сай болуы керек;
- Спортшының антидопинг ережелерін бұзғаны не бұрын жарыстан шеттетілгені тіркелмеуі шарт;
- Спортшы Олимпиада ойындары алдында талап етілетін барлық сынамалар мен тексерістерден сәтті өтуі тиіс.
Ресейдің жауабы қандай болды?
Ресей Олимпиада Комитетінің төрағасы Александр Жуков жекелеген спортшылардың Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі сақталғанын қолдағанымен, олардың нейтралды ту астында өнер көрсететініне қарсылық білдірді. "Егер барлық талаптар сақталған жағдайда, Олимпиаданың соңғы күні уақытша санкциялар өз күшін жоятын болса, неге Ресейге өз туын қолдануға рұқсат бермейді?", - деді ол.
Ресей Парламентін қорғау комитеті төрағасының орынбасары Франц Клинцевич "Ресей сияқты ұлы держава спортшылары белгісіз ту астында бақ сынай алмайды" деген пікір қосты.
Конькимен жүгіру спортының жетекшісі Алексей Кравцов әр спортшы мемлекеттік тусыз жарысқа қатысатын не қатыспайтынын өзі шешуі керек деп есептейді.