Ресей АҚШ-тың экс-мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның көмегімен Қазақстан мен Армения уранына қалай ие болды? Бұл сұраққа жақында Fox News телеарнасына сұхбат берген «Клинтон Кэш» кітабының авторы Питер Швейцер жауап берген.
Оның сөзінше, Хиллари Клинтон Қазақстанның жоғары лауазымды басшыларына өзімен кездесу үшін канадалық бизнесмен Фрэнк Гюстраға Қазақстандағы уран кен орындарын берулері керектігін айтып шарт қойған. Бұл шартты орындамаған жағдайда ол ешкіммен кездеспейтіндігін айтқан. Питер Швейцердің айтуынша, Гюстара Хиллари Клинтонның күйеуі, саясаткер, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның жақын досы. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде 2015 жылы The New York Times басылымы таратқан мәліметті мысалға келтіреді. Аталмыш материалда Фрэнк Гюстараның Клинтондар отбасылық қорына қайырымдылық көмек ретінде 100 миллион доллар қаржы аударғандығы жайында айтылған.
Питер Швейцердің сөзіне сенетін болсақ, Фрэнк Гюстара Қазақстандағы уран кен орындарын алғаннан кейін, оны «Uranium One» компаниясының иелігіне өткізген. Оңтүстік Африка мен Австралияда уран кен орындары бар «Uranium One» компаниясы 2009 жылы өзінің 17 пайыз акциясын ресейлік уран алпауыты «Росатом» компаниясына сатып жіберген. Арада біраз уақыт өткенен кейін «Росатом» Хиллари Клинтонның қатысуымен АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолауы арқылы «Uranium One» компаниясының 51 пайыз акциясын иемденген. Ал 2013 жылы тіпті «Uranium One» компаниясының 100 пайыз акциясын сатып алып, Америка атом саласына түбегейлі кірген. «Росатом» АҚШ уран саласына түбегейлі кіріп қана қоймай, бір мезетте Қазақстан мен Арменияның да уран кен орындарының толыққанды қожайыны болып шыға келген.