Алматы қаласында «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен шағын футболдан өткен дәстүрлі «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Биылғы турнир белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойына арналды.

Ойынның бірінші күнгі қорытындысы бойынша, екінші кезеңге "Қазақ Стамбұл" (Түркия), "Әмір" (Ресей, Саратов қаласы), "Байөлке" (Моңғолия), "Дастан" (Иран), "NFC Kazakhstan Павлодар" (Қазақстан, Павлодар), "Бірлік-Керуен" (Алматы),  "Ғафур" (Алматы), "Алатау" (Алматы) футбол командалары (ФК) жолдама алды.

"Бірлік Керуен" мен "NFC Kazakhstan Павлодар" арасындағы ойын. Фото: QT

Екінші күнгі ойында  жартылай финалда "NFC Kazakhstan Павлодар" мен "Әмір" ойнап, 4:1 есебімен  "NFC Kazakhstan Павлодар" финалға шықты. Ал "Бірлік-Керуен" мен "Байөлке" арасында болған ойында 6:1 есебімен "Бірлік-Керуен" финалға өтті.

Үшінші орынға таласта "Әмір" ФК "Байөлке" ФК-ны жеңіп, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал "Байөлке" ФК-на 200 мың теңге сыйақы берілді.

Ал финалға шыққан "Бірлік Керуен" мен "NFC Kazakhstan Павлодар" арасындағы ойын 3:2 есебімен аяқталып, «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирінің кубогіне және 1 млн теңге қаржылай сыйақыға "Бірлік Керуен" ФК-сы ие болды.  "NFC Kazakhstan Павлодар"  командасына 500 мың теңге сыйақы берілді.

Жеңіске жеткен "Бірлік Керуен" ФК және турнирді ұйымдастырушылар. Фото: QT

"Біз бұл турнирге көп дайындалдық. Былтыр қатысып есемізді жіберіп алған едік. Ал биыл ұттық. Бәрі жігіттердің күш-жігері. Ал турнир жоғары деңгейде өтті. Бұрын тек шетелден келген қазақтар арасында өтетін. Биыл жергілікті командалар қосылып отыр. Осы себепті де турнир қызықты өтті", - деді жеңіске жеткен "Бірлік Керуен" ФК-ның негізін құрушы Манат Мағаз.

«Бақкелді — 2012» ЖШС-нің директоры, кәсіпкер Толқын Ақанұлы кубок жүлдесін тағайындады. Фото: QT

Сондай-ақ, 4 орын алған "Байөлке" командасына Ғылымхан Қалиұлы, 3 орын алған "Әмірге" Сырымбек Тау, 2 орын алған "NFC Kazakhstan Павлодар" командасына Айса Оразхан сыйлықтар табыстады.

Бұдан бөлек,  «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тағайындауымен үзік ойын көрсеткен "NFC Kazakhstan Павлодар" ФК-ның ойыншысы Асқар Ажиков "Сұрмерген", "Қазақ Стамбұл"  ФК-ның ойыншысы Жанер Ахмет Бозқұрт "Үздік шабуылшы", "Әмір" ФК-ның қақпашысы Руслан Маштаков "Үздік қақпашы" және "Намыс" ФК-ның (Ресей, Омбы) ойыншысы Нурахмет Нигманов "Үздік қорғаушы" номинацияларын жеңіп алды.

"NFC Kazakhstan Павлодар" ФК-ның ойыншысы Асқар Ажиков "Сұрмерген" номинациясына ие болды. Фото: QT

Сондай-ақ, Тұрсынбек Кәкішев атындағы арнайы "Елдік рух" сыйлығы Франциядан келген "Parij Kazakh sport" ФК-ға және Қырғызстаннан келген "Алаш" ФК-ға берілді.

Қырғызстаннан келген "Алаш" ФК- жетекшісі Е.Булекбаев "Елдік рух" сыйлығын алды. Фото: QT

Алыстан ат арытып келген қазақ командалары турнирдің жабылу салтанатында қоғамдық қорға және ұйымдастырушыларға рахметін айтты.

"Бар өмірін қазақ әдебиетіне арнаған Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына арналған "Ер Жәнібек" халықаралық қорының футбол турнирі құтты болсын. Бізді "шетелдегі қандастарымыз" деп бауырына басып жатыр. Сондықтан Франция қазақтары атынан осы шараны ұйымдастыруға ат салысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз", - деді Париждегі қазақ мәдени орталығының және "Parij Kazakh sport" ФК жетекшісі Тәбәрік Доолу.

"Бүгінгі ойын өте әдемі болды. Ойын әділ, сәтті өтті. Турнирді ұйымдастырған ағаларымызға алғысымыз шексіз. Енді келесі жылы ұйымдастырылса, бұдан да жақсы ойын көрсетуге талпынамыз", - деді  Монғолиядан келіп, 4 орын алған "Байөлке" ФК-ның капитаны Ертіс Болатұлы.

Моңғолиядан келген "Байөлке" ФК. Фото: QT

Жеңімаз командаға кубок тапсырған "Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия сөз соңында барлық қатысушы командаларға алғысын білдірді.

"Бүгін "Ер Жәнібек" қорының халықаралық турнирі  қазақтың ғалымы, абызы Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың 90 жылдығына арналып отыр. Алыстан ат арытып, осындай турнирге қатысуға келгендеріңіз үшін шексіз рахмет айтамын. Келесі турнирде кездескенше", - деп түйіндеді Жеңіс Түркия.

"Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия "Бірлік Керуен" ФК-ға турнир кубогін табыстады. Фото: QT

Айта кетейік, «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирі 21 қазан күні басталған. Жарысқа шетелден келген "Қазақ Стамбұл" (Түркия), Әмір" (Ресей, Саратов қаласы), "Үштас" (Қытай, Бейжің) "Parij Kazakh sport" (Франция, Париж), "Намыс" (Ресей, Омбы қаласы), "Байөлке" (Моңғолия), "Алаш" (Қырғызстан), "Дастан" (Иран) командалары және Қазақстаннан  командалары, сондай-ақ, Алматы қаласынан  "Бірлік-Керуен", "Сауыр", "Ерентау", "Үшқоңыр", "Бесқала", "Барыс", "Алатау", "Ғафур" командалары қатысты.

Турнирде түсірілген фотоcуреттерді мына сілтемеден алуға болады.

“The Qazaq Times”