Иракта тағы да соғыс өрті тұтанудың аз-ақ алдында тұр. Осы аптаның басында Ирак үкімет армиясының мұнайлы аймақ Киркукке кіруі күрд жауынгерлерінің қарсылығына ұшырап, қарулы екі топ арасында қақтығыс болған еді. Қарулы күрд жауынгерлері Киркукті қорғауға «ант» беріп, үкімет армиясымен соғысуға бел байлап отыр. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлады.
Қазір де Күрдістан аймағында қайшылық күшейе түсті. Ирак үкімет армиясы Киркукті бақылауына алғаннан кейін, Бағдат билігінің пәрменімен Синжар қаласына да басып кірді. Үкімет күштерінің әрекеттері жиілеп, Күрдістан аумағына кірген сайын күрд қарулы күштерінің де қарсылық әрекеттері күшейді.
Қақтығыстың күшеюіне тағы бір себеп жергілікті күрдтердің белсенділігінен болып отыр. Айталық, Киркуктегі және оған жақын аумақтарда көшелерге қаруланған бұқаралар үкімет күштеріне қарсылық көрсетуде. Олар: «Біз «Ислам мемлекеті» содырларымен соғысып, 2 мың жауынгерімізден айырылғанбыз. Ирак премьер-министрінен қорықпаймыз», – деп ұрандауда.
Қазір Ирактың ішкі қайшылығы көршілес елдермен қоса батыс жұртын да алаңдата бастады.