Ирак қарулы күштері мен күрд әскері арасында қарулы қақтығыс болды – деп хабарлайды Rudаw телеарнасы.
Al-Sumaria агенттігінің мәліметінше, Киркук провинциясының оңтүстігінде Ирак әскері мен күрд қарулы тобы арасында қақтығыс болған. Rudаw арнасы таратқан ақпарат бойынша, қарулы қақтығыс кезінде күрдтер Ирак әскерінің төрт бірдей әскери автокөлігін жарып жіберген. Осы жағдайдан кейін қазан айының 16-сы күні түнде Ирак премьер-министрі Хейдар әл-Абади арнайы мәлімдеме жасаған. Онда ол Киркук провинциясындағы Ирак әскеріне мемлекеттік маңызға ие ғимараттар мен әскери базалардың күзетін күшейтілген режимге көшіруді тапсырған және алдағы уақытта аумақтағы барлық әскери іс-қимылды күрд қарулы тобымен келісіп жүзеге асыруды сұраған.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Ирак Күрдістаны билігі Киркук провинциясына Ирак армиясы жақындап келе жатқандығын мәлімдеген болатын. Жалпы бұл аймақта Ирак Күрдістаны тәуелсіздік алуға байланысты референдум өткізгелі бері әскери опперациялар жиілеген.