Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкіметтің отырысында жекешелендіру барысы туралы баяндады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Оның сөзінше, жекешелендіруден 4,7 млрд доллар шамасында табыс түсуі мүмкін. 

«Президент өзінің Жолдауында мемлекеттің ұлттық экономикаға қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне сәйкес келетін ЖІӨ бойынша 15%-ға дейін азайтуды тапсырды», - деді Сүлейменов.

Ол аталған көрсеткішке қол жеткізу Yellow Pages принциптерін сақтау, 2020 жылға дейін Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру, бұл ұстанымдарға сәйкес келмейтін компанияларды қайта құру және жою арқылы мүмкін болатынын атап көрсетті.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта сатылатын 589 ұйым қалды, оның ішінде 2017 жылы 488 ұйымды, ал 2018 жылы 101 ұйымды сату жоспарланған.

"Ірі компанияларды сату мәселесі Мемлекеттік комиссияның отырыстарында тұрақты негізде қарастырылады. Бүгінде ТОП-68-ден 32 активті, оның ішінде республикалық меншіктегі 8 компания мен «Самұрық-Қазына» қорының 24 компаниясын, сондай-ақ  140 активі мен оның бәсекелестік ортаға беруге жататын тобынан 168-ін сату бойынша шешім қабылданып отыр», - деді Сүлейменов.

Оның келтірген мәліметтері бойынша, 2014 жылғы маусымнан 2017 жылғы 23 маусымға дейін жалпы сомасы 125,5 млрд теңгеге 451 нысан сатылған.

«2018 жылы Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша нысандарды сату аяқталатын болады, ал сату мәселесі тыңғылықты және егжей-тегжейлі дайындықты қажет ететін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның ірі 17 компаниясы 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр», - деді министр.

Ол мемлекеттік меншікті жекешелендіруден және ұлттық басқарушы холдингтерінің құрамына кіретін активтерді сатудан түсетін табыс 4-7 миллиард долларды құрайтынын атап өтті, түсімдердің көлемі сауда нәтижелеріне байланысты болмақ.

«Инвесторлар негізінен «Самұрық-Қазына» Қорының 47 ірі активіне қызығушылық танытып отыр, оның 7-еуі IPO/SPO арқылы сатылатын болады. Қордың ірі компанияларының IPO стратегиясы бойынша қабылданған шешімдеріне орай, IPO-дан түсетін түсімдерінің болжалды көлемі 3,5 млрд АҚШ долларынан 5,5 млрд АҚШ долларына дейінгі қаражатты құрауы мүмкін», - деді Сүлейменов.

“The Qazaq Times”