ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында дін қайраткері Халифа Алтайдың 100 жылдығына арналған шаралар өтті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шығыс Қазақстан облыстық Драма театрда өткен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру және Халифа Алтайдың ғылыми мұрасы атты» халықаралық конференцияға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет, наиб мүфтилер, Ресей Алтай Республикасының Бас мүфтиі Жанболат қажы Оқтаубаев, облыстардың өкіл имамдары  және Ислам Жеменей бастаған ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.

«Тарих қойнауына көз жүгіртсек, Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Қарақан мемлекеті, Алтын Орда империясы және Қазақ хандығы дәуірлерінде ата-бабаларымыз замана үдерісінен қалыс қалмай, қала мен көшпелі мәдениетті қатар дамытып, қал-қадерінше озық өркениет жасауға ұмтылды. Тарихи санамызды ояту мақсатында ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың ұйытқы болуымен 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. Ал 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттардың көшірмесі елге әкелінді. Бұл Елбасы айтқан рухани жаңғыруға әзірлік іспетті атқарылған ерен еңбектер еді» деп атап өтті, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз баяндамасында.

Жиында Халифа Алтайдың ғылыми мұрасы сарапталды.

Ғұламаның ұлы Абдураһим Алтай осындай игі шараны жетекші болып өткізіп отырған ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігіне, Бас имам Ермек қажы Қасболатұлына алғыс білдірді.

Жиында сындарлы баяндамалар жасалып, діни ахуал, кері ағымдармен күрес мәселелерсі сараланды.

qazaqtimes.com