Халифа Алтайдың 100 жылдығына орай халықаралық конференция өтетіні туралы шешім, ҚМДБ басшысы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің ХV мәжілісінде қабылданды. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлайды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жазушы, аудармашы, дін қайраткері Халифа Алтайдың ғылыми еңбектері, кітаптары, танымдық мақалалары мен өнегелі өмірі туралы баяндама жасалады. Конференция жұмысына Түркиядан, Қытайдан, т.б. елдерден ғалымдар келеді деп жоспарлануда. Өтетін уақыты 2017 жылдың мамыр айы.
Айта кетейік, биыл ғалым, діни ағартушы Халифа Алтай Ғақыпұлының туғанына 100 жыл толды. Ол 1917 жылдың 18 желтоқсанында Шығыс Түркістан аймағы Шіңгіл ауданында өмірге келген.
ҚМДБ Төралқасының шешімімен Шығыс Қазақстан облыстық мешітіне Халифа Алтайтың есімі берілді. Ғұламалар Кеңесінің кезекті мәжілісінде конференцияны Өскемен қаласында өткізу туралы ұсыныс бірауыздан мақұлданды.
“The Qazaq Times”