Қытай қарқынды даму үстіндегі ел. Тауар өндірісінің дамуы ел экономикасына зор ілгерлеушілік әкелді. Аур-жеңіл өнеркәсіп саларының жыл сайын дамып келе жатқанын естіп, көріп, біліп жүрміз. Қытай дамуы іргесіндегі бізді ғана емес, дамыған Батыс елдерінің де назарын өзіне аударды. Әлемге айбар шеккен алып елдің экономикасы, әскери қуаты күн батпастай көрінгенімен, бүгінде, «Қытай тоқырауына» алып келетін факторлар белең беруде. Оның елімізге тигізетін әсері мен пайда-зияны турасында ой қорытқан едік.

Сарапшылар Қытайдың бес үлкен проблемасын атап отыр. Бұл проблемалар қайсылар және оны шешу үшін Қытай үкіметі қандай шаралар жасап отырғанына тоқтала кетелік.  Бірінші, өндірістің дамуы артқан сайын, шикізат тапшылығын тудырады. Бұл мәселе қазір де болашақта да қытай билігіне басты сындардың бірі. Қытайдың метал қорыту саласының өнім мөлшері ел ішінде өндірілетін электроника, тұрмыстық электр жабдықтарын толық қамдай алмайды. Қажеттілікті өтеу үшін шикізат елдерінен тасымалдауға мұқтаж. Қытай сыртқы саясаты бұл процесті қамтамасыз етуге бағытталады. Орталық Азия, Орта-Шығыс, Африка сынды өңірлермен қарым-қатынастың басым бағыты да осыған құрылған. Бір ғана Танзаниядан аптасына 4 мың тонна мыс Қытайға тасылады. Сонымен бірге қайта өңдеуді дамытуға күш салып келеді. Жарақсызға айналған метал, қағаз, пластик бұйымдарды жинап алып қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл бір жағынан орта қорғауға, екіншіден жұмыспен қамтуға да пайдалы.

Фото: National-Geographic-News.

Екінші, демографиялық катастроф. Халықтың қартаю салыстырмасы жиілеген. Халық санының артуы көптеген тұрақсыздықты алып келеді. Айталық, халықты жұмыспен қамту мәселесі ауырлайды.  Әлемнің 5/1-не жуығын иелейтін Қытай халық саны – сол ел билігінің бас қатыратын тақырыбының бірі. Егер, жұмыспен қамту жеткілікті болмаса, қалың қалықтың теңіздей шайқалуына әкеліп соғары даусыз. Ол үшін қытай билігі кәсіп түрлерін кеңейтуге тырысуда. Қытайда, қазір, біз естіп білмеген қызмет өтеу түрлері бар. Кәсіп және қызмет өтеу түрлерін көбейтіп, орта-шағын бизнесті дамыту арқылы бұл қиыншылықтан құтылып кете алмайды. Оны Қытайдың осыдан бұрынғы екі кезектегі билігінің тәжірибесінен әбден түсініп жетті.

Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин ) бұл бағытта бұрынғыға ұқсамаған саясатты жолға қойды. Тауар экспорттау және басқа да даму жолдарының,  күн сайын өсіп отырған халықты асырауда тығырыққа тірелетінін танып, шетелге шығатын кәсіпорындар арқылы «адам экспортын» жүргізді. Оның нәтижесінен материктердің әрқайсысында да қытай қоныстанбаған елдер жыл сайын азайып келеді. Әсіресе, «Африканы дамытуын жебеу» желеуімен Орталық және Оңтүстік Африка елдерінде салынған қытай құрылыстары, Африканы «Жаңа Қытайға» айналдыруда. Бұл туралы айтылар сөз аткөпір. Құрлықтар арасында қытайлардың қоныстану жағынан ең төмені – Антарктида ғана.

 

Үшінші, азық-түлік қауіпсіздігі мен азықпен қамтамасыз ету. Бұл да халық санының қауырт өсуінен туындаған проблема. Бейжің, Шанхай, Гуаңжоу (Гуанчжоу) секілді 20 млн-нан астам адамы бар қалаларды азықпен қамтуды елестетіп көріңіз. Астанасы Бейжіңде мереке күндеріндегі адам саны, бейресми дерек Қазақстанның тұрақты жан санынан екі есеге көп.

Қытайды егіс дақылымен қамдайтын екі үлкен жазығы бар. Олар –  Терістік-Шығыс Қытай Жазығы және Орта Жазық. Бұлар Ұлы Қытай жазығы деп аталады. Орта Жазық Қытайдың маңызды аймағы. Климаты ылғалды, жауын-шашын мөлшері егіншілікке тиімді. Оған қоса, Сары-Дария (Хуан-хэ) мен Чаңжияң (Ұзын өзен) дариялары осы жазықтан ағып өтіп, суармалы атыздарды сумен қамтамасыз етеді. Осы қолайлықтардың себебінен бұл жазықтан жылына 3-4 рет өнім алуға болады. Алайда, егіс дақылдарын үздіксіз өсіру, топырақ қабатының құнарсыздануына алып келді. Өнім мөлшерін төмендетпеу үшін химиялық тыңайтқыштар қолданылды. Оның салдарынан қытайдағы азық-түлік қауіпсіздігінің ауыр жағдайын қалыптастырды. Халықтың тұтынып жатқан азықтары дерлікке жуық химиялық тыңайтқышпен жетілдірілген. Жемектіктерге қосылатын әртүрлі қоспалары тағы ескеріңіз. Өздері тұтынатын азық-түлік қатерлі ауырулар туғызып жатқанын білетін халық бақа-шаян жемей не қылсын. Осының бәрі қытай жұртының басты уайымы.

Азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін, қытай билігі ғылыми жаңалықтар ашуға қолдау көрсетті, сортты дақылдарды жетілдіру, астық дақылдарының түсімін жоғарлату шараларын жасады. Бірақ, азық-түлік қауіпсіздігі әлі де оңалмай келеді. Өндіріс орындары, завод-фабрикалардың көптігі ортаның ластануын келтіріп шығарды. Климаттың бұзылуынан табиғи атызда өскен дақылдарды да зияндады. Аталған проблемалар болашақ Қытайды жасыл азықтықтар жағынан көршілес елдерге тәуелді етуі мүмкін. Қолы жеткен қалталы қытайлықтар балаларына «Made in China» басылған азықтық тұтындырмауға тырысады. Бейресми дерек болғанымен бұның бәрі көз көргеніміз.

Қытайдың бұл әлсіз буынын ең алдымен Жапон мен Түркия, сосын Ресей пайдаланып отыр. Қазірдің өзінде Ресей-Қытай арасындағы қарқыны жоғары темір жолдар ресейлік азық-түлікті көп мөлшерде ішкі қытайға кіргізуде. Бейжіңде шетел азық түліктері сатылатын дүкендердің саудасы күсет. Арасында Қазақстандық ішпек-жемектіктерді де ұшыратуға болады.

Төртінші, Қытайдағы туылуы мүмкін геосаяси тұрақсыздық. «Үлкен Қытай»: Ұлы құрлықтағы Қытай, Тайуан (Тайвань) Гонконгтерді қамтиды. Тайуан мен Гонконкке ерекше әкімшілік аудан мәртебесі берілген, өзіндік басқару жүйесіне ие. Тайуан Пекинге бағынғанымен өз дербестігіне барынша тырысып келеді. Тек Қытайдың қуатты армиясынан ғана алаңдайды. Гонконгта Пекин билігіне қарсылық шерулері әр жылда болады. Оған Тибет, Шынжаң сынды автономиялардағы Қытай билігіне қарсылықтарды қосыңыз. АҚШ, Ресей, Жапония, Еуропа елдерінің осы елмен дипломатиясы бүлінер болса, қытай ішіндегі бұл қайшылықты пайдаланбай қоймайды. Сондықтан, Қытайдың сыртқы саясаты қуатты елдермен барынша ынтымақтастықты сақтауға мүдделі.

Бесінші, қоршаған ортаның ластануы. Завод-фабриканың көптігі және олардың орта қорғау талаптарына сай келмеуі Қытайдағы қоршаған ортаның ауыр дәрежеде ластануын келтіріп шығарды. Әсіресе, қалалардың ауа ластануы аса ауыр. Бейжің қаласының батысы мен солтүстік батысына орналасқан Хыбей провинциясындағы заводтар елдің астанасын ыс-түтекке көміп тұрады. Тіпті Хан-Балықта (Бейжің) халықаралық саммиттер, маңызды кездесулер өтетін болса, бір апта бұрын  қаладағы және астана маңындағы провинцияларға орналасқан өндіріс орындарын тоқтата тұруға мәжбүр. Сол мезгілдерде ғана бейжіңдік тұрғындар аспанның көк екенін біледі десек асып кетпеспіз. Осы мезгілдегі кәсіп орын шығыны мемлекет қаржысымен төленеді. Ауа қатты ластанған мезгілдерде, (әсіресе қыс маусымында) бастауыш сыныптағы оқушылардың сабағы тоқтатылады. Сары дарияның төменгі ағары, Шығыс Қытай Теңізінің де ластануы ауыр. Солтүстік-Шығыс, Шығыс өңірдегі ауаның ластануы Қытай ғана емес, Солтүстік, Оңтүстік Корея, Жапониялар да зардап шегіп жатады. Жапония осы үшін ауық-ауық ескертулер жасайды немесе төлем талап етеді.

Міне, бұл аталғандар – Қытайдың дөп келіп отырған, болашақтағы «тоқырауын» тудыратын проблемалар. Бұлар Қазақстанға тікелей болмаса да жанамалай әсер етеді. Орта Азиядағы шикізат шығаратын ел ретінде, қытайдың бірінші аталған проблемасы бізге аз мөлшерде болса да тәуелділікті келтірер еді. Алайда, оны қалай пайдаланып отырғанымыз баршаға белгілі тақырып. Қытайдың «адам экспорты» да бізді белгілі дәрежеде шарпиды. Алыс құрлықтарды қамтыған бұл саясаты іргесіндегі бізге әсер етпей қалуы мүмкін емес. Қытайда туылуы мүмкін деген саяси тұрақсыздықты мәселесі, қытай билігінің сыртқы саясатына да әсер етеді. «Үлкен Қытай» саясатын мойындау олардың барлық дипломатиялық қатынастарындағы басты талап. Ол бүлінсе АҚШ, Ресеймен де ашық жаулыққа баруы мүмкін. Ондағы сенетіні әскер саны жағынан әлемнің алдындағы, жалпы қуаты жағынан үшінші орындағы қарулы күші. Сондықтан, Қазақстан үшін бұл проблеманы сақтықпен айналып өтуіне тура келеді. Ол біздің сауда-экономикалық дамуымызға, тұрақтылығымызға аса маңызды. Бірақ, Қытайдағы қазақ диаспорасының мүдделері тапталып жатса, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ салауатымызбен дипломатиялық тәсілде қорғаушы болудай жауапкершілігіміз бар.

Бізге үшінші айтылған азық-түлік проблемасы, шығыс көршіміздің кең базарын менмұндалатып тұр. Қазақстан ауыл шаруашылығы ерте дамыған да, ендігі, бұл базарда Жапониямен бәсекелеспесек те Ресей, одан қалса, алыста жатып транспорттық шығыны зор болатын Түркиямен бәсекелесе алар едік. Себебі, бізде Қытаймен жымдасқан транс-лениямыз бар. Құрлықтық тасымал бойынша Қытай үшін маңызды орнымыз тағы бар. Шынжаңның өзінде Қазақстан азықтықтарын тұтынуға деген сұраныс қалыптасқалы көп болды. Осы жерде ашына отырып, бірер мәселені айта кетпей болмайды. Оның бірі, Қорғас өткеліндегі екі ел бірлескен базардың өзін өз пайдамызға шеше алмай отырғанымыз. Қытаймен тауар айырбасында пар келмесіміз шындық. Десе де, бізден сұранып тұрған тауарын сатып беретін базар құрлысын да әлі аяқтай алмаппыз.

Кеш емес, Қытайда азық-түліктің алып базары бар. Соның бір пұшпағын илесек те, Қазақстандық экономикаға көп пайда келеді. Ет өнімімен Қытай базарына кіру қиын. Себебі, оларда ғылыми мал бордақылау ісі ерте қолға алынды. Ішкі Моңғол сахарасы, Шынжаң өңірінің мал шаруашылығы Қазақстаннан алды да. Ал Қытайдың ішкі өлкелерінде қой мен шошқаны будандастыру арқылы төрт-бестен төлдейтін қой тұқымын жетілдірді. Онысы, азық-түлік қауіпсіздігіне қайшы екені белгілі. Алайда, бақа-шаян жегеннен пайдалы боп отыр. Ал, таза өнімі 50-60 пайыз айналасындағы астықты тұтынып отырған ішкі қытай қалаларына, Қазақстан жасыл азықтықтарын жеткізіп, қанша баға қойсаңыз да талап алар еді. Айтуға оңай дей салмай, жолын жасап жүрген азаматтар да бар, көп емес.

Түптеп келгенде Қазақстан іргесінде алып базар жатыр. Туризмды айтпаған күннің өзінде, ауыл шаруашылығын және экспортты дамыту Қытайға бағытталған жасыл азықтық өндіру –  бізге зор экономикалық кіріс көзі.

Естай БОЖАН

“The Qazaq Times”