Бүгін Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында төрт айдан аса қаралған Қаңтар оқиғасы жөнінде "Әуежай ісі" бойынша үкім оқылды.
Себепсіз кешіктірілген үкім
Жарыссөз өткен соңғы отырыста судья Мартпек Какимжанов үкім уақытын сағат 11:00-ге белгілеген еді. Бүгін осы кезде ондаған азамат барған. Сот ғимаратының алдына жиналған айыпталушылардың жақтастарына және адвокаттарға сот хатшысы шығып, үкім сағат 15.00-де оқылатынын хабарлады.
Жиналғандар ғимарат ішіне кіріп, дәлізде "Бостандық!" деп айқайлады. Сыртта "Халық террорист емес!" деген плакат ұстап тұрып, "саяси тұтқындарға бостандық" талап етті. "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы мен "Феминита" ұйымының белсенділері де ғимарат алдында "Белсенділік – терроризм емес", "Жазықсыздарға әділдік", "Әйгерімге бостандық" және "Атқандарды соттаңдар" деген жазуы бар плакаттар ұстап ұрандатты.
Какимжановтың "әділдігі"
Қоғам назарын ерекше аударған сот ісін қазақша қараудан бас тартқан, процесті өте асығыс қараған судья Какимжанов түс ауа үкім оқыды. Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты "Әуежай ісімен" айыпталған қаңтаршылардың бесеуін де кінәлі деп таныды. Судья Какимжанов Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтерге 8 жыл, Айгерім Тілеужанға 4 жыл кесті.
Бұған дейін прокурор Бекзат Сейтімбет айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтерге 11 жыл, Айгерім Тілеужанға бес жыл жаза кесуді сұраған.
Прокурордың қорытынды айыптау актісінде Айгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайында наразы топтың алдында "билікке қарсы сөздер айтып, оларды заңсыз іс-әрекетке айдап салып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деді. Сонымен қоса, Нұрпейісов, Дәлібаев, Шилібаев пен Кәрменов "ғимараттарға шабуыл жасап", "көліктерді тартып алған, бөтеннің мүлкін жымқырған" деп айыптады.
"Әуежай ісінің" контексі
Қаңтаршылар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Мұны осыған дейін айтып та келеді. Бес қаңтаршының екеуі – журналист-аудармашы Айгерім Тілеужан мен тарих мұғалімі Қалас Нұрпейісов Назарбаев және Тоқаев жүйесін көп сынап, азаматтық белсенді ретінде танылған.
Биыл 5 қаңтарда парламентте сөйлеген бас прокурор Берік Асылов "Діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Қалас Нұрпейісов пен Айгерім Тілеужан Алматы әуежайын басып алған" деп мәлімдеді. Екеуінің адвокаттары бас прокурор осы сөзімен соты болмай, үкім шықпай тұрып, Нұрпейісов пен Тілеужанның конституциялық құқығы – кінәсіздік презумпциясын бұзды деп таныған. Осы уәжбен Парламент Сенатына, Бас прокуратураға жүгінген. Бірақ бас прокурордың заң бұзушылығын ешкім жауапқа тартпады.
Айгерім Тілеужан билік өзін соттау арқылы бас прокурор Берік Асыловтың жаласын ақтап-заңдастырмақ деп есептейді. Ол соңғы сөзінде жеті ай бойы куә болып, кейін күдіктіге айналуы саяси тапсырыс екеніне сенімді. Осыған ұқсас бағаны құқық қорғаушылар мен сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері де берген.
;t=559s