2023 жылдың 12 мамырында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті XVI құрылтайы өтті. Құрылтайға одақтың 970 мүшесінің 538 адам қатысты. Оның ішінен алдынала іріктелген 107 адам төраға сайлады. 

Экс-төраға: Одақты аяғынан тік тұрғыздық.

Одақ құрылтайына арналған құттықтаулар оқылған соң сөз алған одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет:

2019 жылы «Әдеби өмір: Фото-шежіре» көлемі 75 табақ болатын Қазақстан жазушылар анықтамалығын жарыққа шығардық. Мұндай анықтамалықты биыл да дайындап едік, бірақ кейбір  қаламгерлер қанша өтініп сұрағанымызбен өмірбаяндарын толықтыруға, тіпті өткізуге салақтық танытып, соның салдарынан кітапты аяқтап үлгере алмадық.» – деп орындай алмай кетіп бара жатқан үлкен арманын айтып қамыққан төраға, ақталу мен мақтануларының арасында

«Біздің командамыз 5 жылда жаман жұмыс істеген жоқ. Белшеден қарызға батып, тұралап қалған Одақты аяғынан тік тұрғыздық" деді.

Бақылап, тексеруші: Одақтың сейфінде 5321 теңге бар

Артынша одақ маңындағылардың өздері «сайлап" алған «Бақылау, тексеру" комиссиясынан Әлібек Асқар сөз алып, одақ маңында айтылып жүрген даулы қаржылар туралы түсіндіруге тырысты.

«Одаққа түсетін қаржының негізгі көзі  одақ мүшелерінің жыл сайынғы жарнасы. Осы жарнаның өзін уақытылы төлемейді, неге екенін білмеймін оның өзін қалтырып жатамыз. Яғни одақты сақтауға құлқымыздың жоқтығы қынжылтады..." –деп одақ мүшелерін жазғыра сөйлеген бақылаушы Ұлықбектен келесі төрағаға қалып бара жатқан ақшаның санын айтуды да ұмытпады.

«Одақтың банк шотында қаражат бар екен 1 млн 675 мың теңге, кассасында, бухалтериядағы сейфінде  5321 теңге бар" –деп бұрыннан одақ төрағаларының ауысқан кезінде айтылатын «Бұл бұрын қарызға белшесінен батып тұрған. Осы одақты сол қалың қарызымен алып, көтердік" деп айтатын мысалдарының алдын алып одақты қарызсыз қалдырып бара жатқанын жария етті.

Талғат Айтбаев: Бұл құрылтайда Жаңаөзен мен Қаңтар айтылуы керек еді

Одан кейінгі сөз алған жазармандар Ұлықбек Есдәулеттің басқарған бес жылына көңілдерінің толатынын айтып келесі келетін төрағаға сенім білдіре сөз сөйледі. Тек жазушы Талғат Айтбаев қана одақ құрылтайында төраға сайлау туралы ғана сөз қозғамай бүгінігі қоғамда болып жатқан түйкілді мәселелерді талқылау керек деген пікірін айтты.

«Жаңаөзен қасіреті болды. Ақын-жазушылар үнсіз қалды, Қаңтар қасіреті болды ақын жазушылар үнсіз қалды. Қазір мына қасірет жалғасып жатыр. Қытайдың шекарасын ашамыз. 180 күнге жібереміз дейді. Ақын-жазушылар қайда қарап отыр. Неге үндемейміз. Біз бүгінгі съезде сондай нәрселерді айтуымыз керек еді" –деді. Оны қолдап шапалақ ұрғандар да, арасында қарсылық білдіріп айқайлап жатқандар да болды.

Несіп Жүнісбаев: Одақ төрағасын барлық делегат сайлауы керек

Дүбірлі жиынға одақтың 970 мүшесінің 538 қатысып одақ басқармасы сол 530адамның ішінен 107 адамды жарғыларына сүйене отырып өздері таңдап шақырып алып төрағаны сайлауға үзіліс жариялады.

Сайлаушылардың барлығы бір ауыздан төраға ретінде Мереке Құлкеновты сайлап, жиын залына қайта түскенде жазушы Несіп Жүнісбаев: «Жазушылардың патшасы – жазушылар одағының төрағасы. Оны бүкіл делегат сайлауы керек еді. Сіздер неменеге келдіңіздер сайаламайтын болсаңыздар. Жазушылар одағының төрағасын алдын ала сайланған басқарма мүшелері сайлауға тиіс емес. Бұл нағыз алдын ала дайындықтың көрнісі" – деді.

Жаңа төраға: Оппозиция деген сөз – мемлекет басшысына қарсы деген сөз

Өзінен басқа төрағалыққа таласатын ешкім болмай 107 делегаттың бәрі бірдей қолдап Мейманасы асып тұрған Мереке төрағалық тізгінін ала сала алғашқы сөзін жазушыларға оппозиция болмауға, мемлекет басшысына қарсы келмеуге шақырумен бастады.

«Қазақстан деген елдің басқарып отырған басшылығы, оған қарап отырған жазушылары да қашан да бірін бірі қадірлеп келген, бағалап келген, сыйлап келген. Әрине, жазушылар болғаннан кейін сын болады. Бірақ біздің жазушылар ешқашан оппозиция болмайды деп есептеймін, болмау керек деп есептеймін. Өйткені оппозиция деген сөз, яғни мемлекеттің басшысына қарсы болу деген сөз" – деп кесіп айтқан жаңа төрағаларына залдағы 500 ден аса жазушының ешқайсысы «Бұның қалай?» дей алмады.

Кеңестен қалған ескі мұра

Әуелде алашшыл «Алқа» ұймының жолын кескен большевиктер бағытындағы жазушылар одағы ара-арасында халықтың сөзін сөйлеген еңселі тұлғалары болмаса осы күнге дейін дерлік биліктің сойылын соғып келеді.

1926 жылы маусымда «Қазақстанның пролетариат жазушылары ассоциациясының бюросы» болып құрылып,  1932 жылы 28 cәуірде Бүкілодақтық коммунистік партиясының орталық комитетінің «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысы негізінде Қазақстан Жазушылар одағы болып өзгерген.

Алғашқы съезі 1934 жылы 12-18 маусым аралығында өткен.

Кешегі Кеңестік дәуірден қалған ұйым туралы жұрт арасында пікір әр түрлі. Қоғамда болып жатқан түйткілді дүниелерге тіл қата алмағанына наразы болғандар Жазушылар одағын жауып тастау керек дейді.