Кеше, Ресейге қарсы жаңа санкциялар салу туралы мәселе талқылана салысымен рубль тарихтағы ең құнсыз шегіне барып қайтты. Мәскеу биржасының өзінде АҚШ доллары 116 рубльге жетті, дүйсенбінің кешіне қарай баға қайта оңалғандай болды, соның өзінде 105 рубльге бір АҚШ доллары тең болды. Ресей үшін рубль құнын реттеуде ең басты қиыншылығы Орталық Банктың дәрменсіз күйде қалуы. Үйткені ресейлік бас банктың халықаралық активтері АҚШ пен ЕО тарабынан мұздатылып тасталған.

Жаңа санкция тармақтарында Ресейдің газ және нефти экспорттарына санкция салу да қаралуы мүмкін. Бұл Ресейге тиетін ең ауыр соққының бірі, себебі ел экономикасы үшін энергия экспортының маңызы орасан зор. Егер Батыс бір ауыздан бұл санкция түріне келіссе, онда бұл Ресей жалпы ішкі өнім құнының төрттен бір пайызын жоғалтып алады.

Шетелдік сарапшылардың пікірінше, бұндай соққы Ресейді бірден дефолттық күйге түсіреді. Ол кезде инфляция деңгейі 30 пайызға жетіп, доллар мен рубль айырмасы 200-ге дейін жетеді, әрі импорт күрт қысқарады. Дефолт жағдайында ресейлік банктер мен компаниялар арт-артынан банкрот болмақ. Мемлекеттің басты кіріс көзі буылғаннан кейін бұл кәсіпорындарды сақтап қалуға шамасы келмейтінін болжауға болады.

Жаһандық экономикаға ықпалы

Батыстың Ресей экономикасына берген соққысы белгілі деңгейде қайта айналып жаһандық экономикаға да соққы болып тиеді. Себебі, қазіргі нарық әлем бір-бірімен шырмалған, Ресейдің мұнай-газына салынған санкция оның жаһандық нарықтағы жолын тосқанымен энергия нарығында үлкен толқулар болады. Мұнай мен газ бағасының өсуі әлем елдерінің экономикасына да өз әсерін тигізеді. Айталық, Capital Economics компаниясының қорытындысы бойынша, Ресей нефти-газына толық шектеу қойылса, нарықтағы нефти-газдың бағасы барреліне 160 долларға жетеді, әрі бұл ұзақ уақытқа сақталып тұруы мүмкін. Демек, бұл Еуропа ғана емес, АҚШ-тағы жылу берудің құны артады дегенді көрсетеді.

Санкция және соғыс шығыны

Ресей қазір салынған санкциялар саны жағынан да әлемдегі бірінші орында тұр. Бұған дейін батыс тарабынан Солтүстік Корея мен Иранға да қыруар санкция салынғаны белігілі, бірақ бұл жолы Ресейге салынған санкця саны олардан еселеп асып түсті. Айталық, Castellum.Ai санкциялар жөніндегі мәлімет қорының дерегінше Украинаға қарсы соғыс ашуға дейін Ресейге қарата 2754 түрлі санкция салынған екен. Ал, қазір Ресейге салынған санкция саны 5530-ға жетті.

Ал, Украинаның Ресей күштеріне қарсы күресі табанды жалғасуда. Бұл Ресейдің соғыс шығындарын күн санап көбейтіп келеді. Ресей тарабы соғыс шығындары туралы толық мәлімет бермегенімен, Украина және өзге де тәуелсіз ақпарат көздері тарабынан соғыс шығындарының жоғары екенін білуге болады.

Бір ғана әуе күштерінің өзінен 52 ұшақ, 69 тікұшақ жоғалтқанын Украинаның Қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Ресей жағы бұл мәліметті растаған жоқ. Бұдан тыс 300-ге жуық танк пен мыңнан астам сауытты әскери көлік пен әскери техникалар бар. Кейбір дереккөздер, соғыста көз жұмған ресейлік жаунгерлер саны 10 мыңнан асып кеткенін айтады.

Украинаға қаржылай көмек

Бір ғана Дүниежүзілік банктың Украинаға бағытталған қаржылай көмеккөлемі қазірге дейін 3 млрд АҚШ долларына жетпек. Бүгіннің өзінде Ураинаға 500 млн долларға жуық қаржы аударылмақ.

Бұларды қорыта келе, соғыс ұзаққа созылған сайын Ресейдің барған сайын терең батпаққа батып бара жатқанын көре аламыз. Бүгін Ресейдің вице-премьері Батыс жаңа санкция салса газ экспортын толықтай тоқтататынын мәлімдеді, әрі бұл қадам Батыс елдері үшін де ауыр соққы болатынын қосымшалады. Тараптар арасындағы бұл қайшылық барынша тез және бейбіт жолмен шешім таппаған жағдайда бәрінің соңы жаһандық соғысқа апарып тірейтіні анық.

The Qazaq Times