Апта соңында Британияның Ливерпуль қаласында «Үлкен жетілік» (G7) елдерінің сыртқы істер министрлері бас қосты. Кездесуде басты тақырып етіп Ресейдің Украина шекарасына жақын әскер топтаған әрекетін талқылады. Соңында Ресейге ескерту жасаумен тарасты.

«Үлкен жетілікке» кіретін АҚШ, Британия, Канада, Германия, Франция, Италия және Жапония СІМ басшылары арасындағы кездесу екі күнге созылды. Тараптар ортақ бас қосудан қатар G7 құрамындағы елдер арасында жекелеген де кездесулер өтті. Айталық, АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Жапонияның жаңа сыртқы істер уәзірі кездесіп Қытайдың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы артып келе жатқан ықпалы және Солтүстік Кореяның зымыран қатері секілді өздеріне ортақ мәселелерді қарастырды.

Ал, жиынды өткізіп отырған Британның СІМ басышсы Лиз Трасс саммиттің алдында америкалық әріптесі Антони Блинкенмен кеңескен болатын. Жиын кезінде ол қазіргі жаһандық геосаяси қиындықтарға тоқтала отырып, «Үлкен жетілік» елдерін Ресей, Қытай және Иранға қарсы бірлесуге шақырды.

G7 елдері СІМ жетекшілерінің кезекті бас қосуында Бейжің Қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық байкот жариялау мәселесіде күн тәртіпте болды. Бұған дейін АҚШ, Британия, Аустралия және Канада секілді ағылшын одағы Қытайдағы спорттық дордаға дипломатиялық байкод жариялаған еді.

Алдағы уақытта «Бес көз» елдерінің соңғысы Жаңа Зеландия да осы қадамды қайталауы мүмкін. Алайда, Франция байкот жариялауға қарсылығын білдірген.

Саммиттен кейін «Үлкен жетілік» Украина шекарасындағы жағдайға байланысты Ресейге ескерту жасап, әскер топтауды қысқартуын талап етті. Егер Ресей бұл талапты ескермесе «кең ауқымды» деп аталатын экономикалық санкцияға тұс келуі мүмкін екенін білдірді.

The Qazaq Times