Цифрлық даму вице-министрі Мәлік  Олжабековтің QT редакциясының сұрауына берген жауабына қарағанда,  «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ 2016-2021 жылдар аралығында 6 жылға жуық уақытта 550 млн доллардан аса, ұлттық валютамен айтқанда 232 млрд 500 млн теңге жұмсалған. Ал Қазақстандағы ІТ қауымдастық пен азаматтық қоғамның наразылығын тудырған цирфлық трансформациялау жобасына да дәл осы шамада қаржы қарастырылған. Бірақ ақпараттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар аса маңызды жұмысқа жауапты техорындаушы ретінде Мәскеу ықпалы күшті ресейлік Сбер компаниялар тобының  таңдалуы қоғамда қызу талқы тудырды. Үкімет «жабық кабинетте» қабылданған шешімді қалай түсіндіреді? Жарты миллиард доллар қарызды арқалайтын Қазақстан қандай жауапкершілік арқалайды?

«Меморандумда «ҰАТ» АҚ мен Сбербанк ЖАҚ арасында оған қызмет көрсету бойынша негізгі борыш пен пайыздар сомасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен «ҰАТ» АҚ пайдасына кредит желісін ұсынуды көздейтін қарыз туралы келісім жасасу көзделген. Кредит желісі Сбербанк ЖАҚ тарапына барлық қажетті құжаттар уақтылы ұсынылған жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 500 млн АҚШ долларға балама сома ресей рублімен беріледі», – деп жауап берген вице-министр Олжабеков.

Атышулы келісімде көрсетілген негізгі борыш пен пайыз шарттары, Қазақстанның мемлекеттік кепілдігі туралы нақтылауды сұрағанымызда министрлік «қаражаттың тартылуы немесе өзге қаржыландыру көздерін тарту мәселесін жуырда құрылған Техникалық сарапшы кеңесі егжей-тегжейлі қарап жатқанын, шешім шығарылатынын» хабарлады. Сарапшылық кеңестің құрамы белгісіз.

«СБЕР компаниясына жүгіну мәселесі Amazon Web Services, Microsoft Azure, Google Cloud Platform және т. б. көшбасшылармен қатар халықаралық тәжірибені талдай отырып, АТ қоғамдастықпен бірлесе талқыланды. Бұл ретте СБЕР ұсынымын Мәскеу қаласында тиісті министрлік, «Зерде» ҰАХ» АҚ, «ҰАТ» АҚ және қазақстандық IT-компаниялардың өкілдерінен тұратын делегация тереңдете зерттеді», – деп түсіндірді. Десе де ІТ қауымдастық пен сарапшылар, қоғам тарапынан ашық іріктеу жүргізілмеуінің себебіне тұщымды жауап ала алмады.

Биыл 3 қыркүйекте Қазақстан Үкіметі «Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу және «Data-Driven Government» тұжырымдамасы жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы» №606 қаулысын қабылдаған. Бірақ қоғам талқысынсыз қабылданған шешім ашық дереккөзде кештетіп жарияланды. Қоғам тарапынан сынға ұшыраған меморандумды жүзеге асырушы Үкімет басшысын азаматтық белсенді Санавар Закирова сотқа да берген.

Үкімет «Сандық платформа моделіне көшу – цифрландырудың келесі кезеңі әрі оны дамутаға арналған негізгі бағыт ретінде 400-ден астам жеке жабық ақпараттық жүйелерді біріктіруге мүмкіндік береді» деген ұстанымда. Аталған саланы трансформациялау «халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді» деп болжайды.

The Qazaq Times