Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 1,8 мыңға артып, жалпы есебі 1 млн 13 мыңнан асты. Қазан айында 50 мыңнан аса науқас анықталып, 950-дей адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 27 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 1699 адам, ал 26-сы күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 148 адам тіркелді. Сондай-ақ, сейсенбіде 29 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 450-ге дейін науқас және 5-6 өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3 мың шамасында еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 49 мың адам (КВИ+ бойынша 43 мыңдай, КВИ- бойынша 6 мыңдай) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 13%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (226) қаласына тиесілі. Бір күнде тіркелген науқастардың үштен бірі астана және Алматы қаласы мен облысына жатады. Аурушаңдық Павлодар (252), астана (130), Қарағанды (140), СҚО (156), Ақмола (138), Қостанай (126), ШҚО (111), Алматы облысы (130), БҚО (50), Ақтөбе (53), Шымкент (46),  Қызылорда (40), Түркістан (37), Атырау (27), Жамбыл (24), Маңғыстау (13) облыстарында түрлі деңгейде байқалды. Сәрсенбіде аурудан айыққан 2284 адам үйіне шығарылған. 26 қазанда жиыны 27 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Қазанның 26-сы ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 148 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні ШҚО (30), Алматы облысы (30), Шымкент (22), Қостанай (13), Жамбылда (10)  анықталған. Сонымен қоса, 202 адам айығып шыққан, тағы 2 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 49 мың науқастың 8 мыңы ауруханада, 40 мыңы амбулаторлық бақылауда. 594 науқастың жағдайы нашар, ондағы 152 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 112 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау, БҚО, Алматы және Жамбыл облыстарынан басқа астана, Қарағанды, ШҚО, Қызылорда облыстары, Алматы қаласы «сары аймаққа» өткен. Басқа 4 аймақ (Қостанай, Павлодар, Ақмола, СҚО) тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.

Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айында 50,5 мыңнан аса ауру және 953 өлім жағдайы тіркелген.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 934 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 79 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 1 млн 13 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемияның бас-аяғы 20 айында жалпы вирус жұққандардан 20,4 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 12 028, КВИ- / U07.2 – 5022, ілеспе аурулардан – 3415) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,4 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8,2 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қараша айының үшінші онкүндігінен бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеген.

The Qazaq Times