АҚШ пен Қытайдың ара-қатынасы шиеленісіп, Тайуан (Тайвань) бұғазы қақтығыстың ықтимал аймағына айналып тұрған кезде Ресей президенті күтпеген пікір білдірді. Владимир Путин бұғазда қақтығыс болу мүмкіндігін жоққа шығарған және «Бейжің үшін қару қолданудың қажеті жоқ, онсыз да мақсатыyа жете алады» деген ойын айтқан. РФ президентінің пікірі бірқатар елдің ақпарат құралдарында қызу талқы тақырыбына айналып шыға келді.
Қазан айының алғашқы күнінен тартып Қытай Халық-азаттық армиясының әуе күштеріне тиесілі жойғыш, шабуылдаушы және бомбалаушы ұшақтар Тайуанның әуе қорғаныс кеңістігіне топ-тобымен кіріп, тарихтағы ең ауқымды әскери қысым жасады. 1 қазан мен 4 қазан арасында ғана Тайуан кеңістігіне кірген Қытай ұшақтарының саны 150-ден асқан. Бұғаздағы шиеленіс күшейіп, аймақтағы елдер қақтығыс қаупінен алаңдап отырған кезде Путиннің бұндай пікір айтуы таң қалдырғаны анық.
Путин аталған пікірін сәрсенбіде Мәскеудегі «Ресей энергетикалық апталығы» конференциясы аясында CNBC арнасына берген сұқпатта ортаға салған болатын.
Өткен аптада Тайуанның қорғаныс министрі Чю Гожың ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде, Қытай әуе күштерінің қысымына байланысты Тайуан 40 жылдан бергі ең ауыр жағдайды бастан кешіріп жатқанын айтқан болатын. Ол сондай-ақ, Қытай Халық-азаттық армиясы 2025 жылға барғанда Тайуанға шабуыл жасауға толық мүмкіндік алады деп көрсеткен.
Кеше, Тайуанның Ұлттық қорғаныс министрлігі Бейжіңге қарата ескерту жасад, онда Қытай ұшақтары енді Тайуан аралына тым жақын келетін болса бұрынғыдан да күшті қорғаныс шараларын қабылдайтынын атаған.
Қытай басшысы Ши Жинпиң өткен сенбіде 1911 жылғы революцияның 110 жылдығына арналған жиналыста «Ұлттық территорияны біріктіру» туралы өзінің ұстанымын көрсеткендей болды. Онда ол: «Отанды толықтай біріутірудің тарихи міндетіне қол жеткізу керек және бұл міндетті түрде жүзеге асады», – деді. Ол «Үлкен Қытай» территориясын біріктіруге берген уәде қатарында қабылдануда. Бұл Бейжің билігінің Тайуанға қарата ұстанымын тіпті де анықтай түсті.
Ал, Путин болса өз сөзінде Ши Жинпиңнің сөзін «Бейбіт біріктіру» ұстанымы ретінде бағалаған, әрі Қытай үкіметінің «басшылық философиясы» әскери қақтығыстарды болдырмауды негіз ететінін көбірек алға тартқан. «Менің ойымша Қытайға күш қолданудың қажеті жоқ. Қытай - қуатты экономика, ал сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ол қазір АҚШ -ты басып озып, әлемдегі ең ірі экономикалық державаға айналды», – деген Путин сөзінде.
Соған қоса Путин сұбатында Ресей-Қытай қатынасы жан-жақты салада қарқынды дамып келе жатқанын айтқан. Соңғы жылдардағы АҚШ бастаған Батыс елдерінің Қытай және Ресеймен қарым-қатынасының нашарлауы Мәскеу мен Бейжіңнің стратегиялық серіктестік қатынасты дамытуына жол ашты. Бұл арада да Путин Бейжіңнің тамырын тартып, АҚШ-Қытай қатынасындағы сезімтал және қақтығыстың ықтимал нүктесіне айналған Тайуан тақырыбына күтпеген пікір беріп отыр деуге болады.