Әлемдегі геостратегиялық ойынның үлкен алаңы Орта Шығыстан Үнді-Тынық мұхит аймағына қарай ауысқанын бұған дейін көптеген сараптамалар мен ақпараттық хабарлар арқылы айтып келген едік. Бұл үрдістің себебі көп, бірақ қалайда Қытаймен қатысы бар. Жаңа держава ретінде бой көтерген Қытай және қалыптасқан державалар арасындағы қарым-қатынас бүгінгі осы күрделі үрдісті қалыптады. Қазір көптеген елдердің стратегтері, саясаттанушылары мен сарапшылары осы аймақтағы ірі державалар арасындағы жүрістерге назар аударып отыр.

Қытайдың Үнді-Тынық мұхиты аймағы және өзіне көршілес елдер мен аймақтарға болған әскери-саяси ықпалының артуына ілесе, көптеген елдердің сыртқы саясаты мен ұзақ мерзімдік стратегиясында өзгерістер болды. Бір оны Жапония, Үндістан, Тайуан (Тайвань), Аустралия, Филиппин секілді елдердің қорғаныс күшін арттыруынан көре аламыз. Державалар арасындағы қайшылықтың нәтижесінен келіп шығатын осы үрдіс болашақтағы Азияның ғана емес жаһандық қауіпсіздіктің басты мәселесіне айналуы да бек мүмкін. Олай дейтініміз Азия елдері арасындағы қорғаныс қуатын жарыса арттырып жатқан жағдайы көптеген елдердің сарапшыларын алаңдатып отыр.

Кеше, 21 қыркүйекте «Рейтер» агенттігі Азия елдері арасында әскери қуатты арттыру тебінінің барған сайын күшейіп келе жатқанын көрсететін арнайы материалды жария етті, сол арқылы болашақта Азия елдері қару-жарақ бәсекесіне түсуі мүмкін екенін ескерткендей болды.

«Рейтер» есебінде Азия-Тынық мұхит аймағындағы бірқатар ірі елдердің (арасында қытай, жапон, үнді елдері де бар) соңғы жылдары іздестірген немесе сатып алған қару-жарақтары туралы жалпы есеп көрсетілген. Егер, осы есепті жинақтап, ең елеулі жерлерін сүзетін болсақ мынадай қорытынды шығады:

Аустралия (орысша айтқанда Австралия):

  • «Аукус» ынтымақтастығы Аустралияға айрықша әскери басымдықтар беруі мүмкін;
  • Аталған келісім көмегінде Аустралия кемінде 8 ядролық сүңгуір кемесіне ие болады;
  • Әуе күштері мен теңіз күштерінің алыс қашықтыққа соққы беру қабілетін арттырады, айталық:
  • Жойғыш ұшақтарға Tomahawk қанатты зымырандарын пайдаланады;
  • F/A-18 Hornet жойғыш ұшағы мен F-35A Lightning II сынды таңдаулы жойғыш ұшақтарына кемінде 900 шақырымға жететін зымырандарды орналастырады;
  • F/A18F Super Hornet өзық шабуылшы ұшақтарын кемеге қарсы LRASM алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарымен жабдықтайды;
  • Құрлық күштеріне де кемінде 400 шақырымдағы нысанаға дәл соққы дарытатын зымырандар берілмек.
  • АҚШ-Британ-Аустралия үшжақты қауіпсіздік келісімі негізінде гиперсонды зымырандар техникасына ортақтасады;
  • Маусым айында Аустралия АҚШ-тан Boeing AH-64E Apache шабуыл тікұшағынан 29 данасын сатып алған.

Жапония:

  • Екінші жаһан соғысынан кейін Жапонияның әскери қуатына жасалған кейін шектеулер кейінгі жылдары Қытай агрессиясының артуымен қатар алынып тасталды;
  • Мың шақырым қашықтыққа дәл соққы дарытатын кемеге қарсы зымырандар жасап шығаруда;
  • Соңғы жылдары алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды сатып алуға миллиондаған АҚШ долларын жұмсады; Әскери шығыны барған сайын жоғарылауда;
  • 2020 жылы Жапония АҚШ-тан 105 дана Lockheed F-35 жойғыш ұшағын сатып алу келісіміне қол жеткізді (Жалпы құны 23 миллиард АҚШ долларына тең).

Оңтүстік Корея:

  • Корея 15 қыркүек күні сүңгуір кемеден атылатын алыс қашықтықтағы баллистикалық зымыран сынағында табысқа жетті (Осылайша Оңтүстік Корея осы түрдегі зымырандардың ядролық оқтұмсықсыз түріне ие әлемдегі жалғыз елге айналды);
  • Қарулы күштеріндегі өзге де зымыран түрлерін күшейтуде, әсіресе жақын қашықтықта дыбыстан жылдам ұшатын қанатты зымырандарды көбірек шығарды;
  • Оңтүстік Корея қатты және сұйық от күші арқылы ұшатын зымырандарды дамытуға көбірек күш шығаруда; Осы бағыттағы жасанды жер серігін алып ұшуға қабылетті алғашқы ғарыштық зымыраны 2020 жылдың шілде айында сәтті сынақтан өтті;
  • Корея қазір сүңгуір кемелерді жасауға да көп күш жұмсау үстінде; ядролық сүңгуір кеме жасау туралы жоспар қазіргі президент Мүн Жа-Иннің сайлау алды уәдесінің бірі болатын, дегенмен одан бері бұл жоспар туралы ешқандай ресми мәлімет таратылған жоқ;

Тайуан (Тайвань):

  • Жақында ғана Тайуан Қорғаныс министрлігі алдағы бес жылда қорғаныс қуатын күшейту үшін 8,69 млрд АҚШ долларын бөлетінін мәлімдеді;
  • Бұл қаражаттар қанатты зымырандарды сатып алуға да жұмсалады;
  • Тайуандық БАҚ жаңа зымырандардың 1200 шақырым қашықтыққа дейін нысанаға дәл соққы дарытатынын жазуда; Тайуан бұған дейін қолданып келген «Сионфэн» зымырандарының жаңа ұрпақ үлгілеріне ие болмақ;
  • АҚШ былтыр Тайуанға Boeing Harpoon жағалау қорғаныс жүйесінің 100 жиынтық құрылғысын сатып беруге келісім жасады; Бұл қорғаныс жүйесі зымырандар, датчиктер мен артиллерияны және күрделі ұшу операцияларын орындай алатын төрт бірдей ұшқышсыз ұшу аппараттары қамтиды. Жалпы құны 5 млрд АҚШ долларына тең;
  • Осы жылдың тамызында Уашингтон Тайуанға құны 750 миллион АҚШ долларын құрайтын 40 гаубицалық жүйені сатуға рұқсат берді;

Қытай:

  • Қытай қазір Азиядағы теңіз әскери қуаты ең мықты ел саналады;
  • Соңғы жылдары Қытай ядролық оқтұмсықтарды тасымалдай алатын және 4000 шақырымға дейін ұшатын «Дунфэн-26» көп мақсатты зымыранын жаппай өндірді;
  • 2019 жығы әскери шеруде Қытай жаңа ұшақтарын, ұшқышсыз аппараттын, сондай-ақ базаларға шабуыл жасауға арналған дыбыстан жылдам ұшатын құрлықаралық зымырандарын көрсетті;
  • Ал, Қытайдың «Дунфэн-17» гиперзонды зымыраны теориялық тұрғыда дыбыс жылдамдығынан бірнеше есе тез ұшады деп айтылады; бұл зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің тосқауыл соққыларына ұстатпауы мүмкін. Бірақ, оның пактикалық нәтижесі әлі анық емес.
  • Қытай сондай-ақ, «Дунфэн-41» сынды құрлықаралық баллистикалық зымыранға ие; бұл АҚШ территориясына дейін соққы жасауға және бір уақытта 4 ядролық оқ тұмсық тасуға қабілетті зымыран түрі, Қытайдың басты ядролық қуатын әйгілейтін зымыраны.

Бұл елдердің қатарына ядролық қарумен қатар баллистикалық зымырандарға да ие болған және жақында ғана қанатты зымырандарын сынақтан өткізген Солтүстік Кореяны қосатын болсақ, Азия, әсіресе Шығыс Азия қауіпті қару-жарақ жарысының алдында тұрғанын көруге болады.

The Qazaq Times