Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны ақырындап бәсеңдеп келеді. Тап қазір қаланың 10,8 мың тұрғыны емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда шамамен 45% орын толған. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 9 қыркүйекте тіркелген 931 адамның 894-і симптом белгілерімен, тағы 37 адам симптомсыз тіркелген. Бейсенбі күні 312 адам ауруханаға жатқызылған.

Жалпы қалада сыйымдылығы 7740 орын болатын инфекциялық стационарларда 3502 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 108 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 310 науқас жатыр. 46 адам ӨЖЖ, 122 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 126 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 7312 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.

Апта басталғалы жиыны 73 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.

Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 903 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 785 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.

Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 163 мыңнан аса адам ауырған, оның 50 мыңға жуығы тамызда анықталған. Қазір республикада анықталған күнделікті есептің ширек бөлігі Алматы қаласына тиесілі болып отыр.

Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қалыпты жағдайда қолданылып жүрген 7011 төсек-орын 8910-ға дейін көбейтілген. Стационарлардағы орын саны артып, тіпті жаңа резервтік филиалдар уақытша іске қосылған еді. Сейсенбі бұл 7740 орынға дейін қысқартылды.

The Qazaq Times