Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы пікір білдірді.
Екі ел арасындағы ахуал жөнінде ол: «Шекара маңы ынтымақтастығы мен сауданы дамыту арқылы біз адамдардың еркін қозғалысына, шекарадағы өзге де проблемаларды шешуге ықпал етіп, есірткінің заңсыз айналымы мен контрабандаға тосқауыл қойғымыз келеді. Бүгінгі қақтығыстың бір қыры осыған келіп тіреледі», – деді.
Еуроодақ шекараларды басқарудың өңірлік BOMCA бағдарламасы арқылы келіссөздер жүргізген. Аталған бағдарлама 22 миллион еуро көлемінде қаржылай қолдауға ие болған. Оған Ауғанстан да кіреді.
28-30 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болып, қырғыз жағынан 36 адам, оның екеуі бала, қаза болған. 183 қырғыз азаматы жараланған.
Қақтығыс салдарынан Қырғызстанның Баткен облысында 78 тұрғын үй, екі мектеп, фельдшер-акушерлік пункт, үш шекара бекеті, балақша, он жанар-жағармай станциясы, милиция бөлімшелері, сегіз дүкен өртенген. 29 сәуірде шекарадағы жағдай ушығып, екі елдің әскери қызметкерлері арасында атыс болған. Сол күні кешке тараптар атысты тоқтатуға келіскенмен, атыс жекелеген жерлерде 1 мамырға дейін жалғасты.
1 мамырда Баткен облысында екі ел үкіметтерінің делегациясы делимитация және демаркация мәселелері бойынша келіссөз өткізді, кездесу кезінде тараптар атысты толық тоқтату және шекарадан әскер әкету туралы келісімге келген. Екі ел прокуратурасы ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғады.