Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында жағдай қайта шиеленісе бастады.
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің хабарлауынша, Тәжікстан тарапы Қырғызстанның 1 мың шаршы метр аумағына кіріп, Ош облысының Чоналай ауданындағы Унжу-Булак мекенінде контейнер қойған. Және шекара маңына әскері мен техникасын шоғырландыра бастаған.
Қырғыз шекарашылары жағдай ушықпау үшін күш салғанымен Тәжікстан шекара өкілдері жауап бермей жатқанын айтады. Осыған байланысты шекарадағы жасақтарын күшейтілген режимге көшірген. Және мәселені шешу үшін екі ел арасындағы шекараны белгілеу бойынша қырғыз делегациясының басшысы мен үкімет өкілдері оқиға орнына аттанды.
28-30 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болып, қырғыз жағынан 36 адам, оның екеуі бала, қаза болған. 183 қырғыз азаматы жараланған.
Қақтығыс салдарынан Қырғызстанның Баткен облысында 78 тұрғын үй, екі мектеп, фельдшер-акушерлік пункт, үш шекара бекеті, балақша, он жанар-жағармай станциясы, милиция бөлімшелері, сегіз дүкен өртенген. 29 сәуірде шекарадағы жағдай ушығып, екі елдің әскери қызметкерлері арасында атыс болған. Сол күні кешке тараптар атысты тоқтатуға келіскенмен, атыс жекелеген жерлерде 1 мамырға дейін жалғасты.
1 мамырда Баткен облысында екі ел үкіметтерінің делегациясы делимитация және демаркация мәселелері бойынша келіссөз өткізді, кездесу кезінде тараптар атысты толық тоқтату және шекарадан әскер әкету туралы келісімге келген. Екі ел прокуратурасы ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғады.