Үндістандағы эпидахуал күннен күнге күрделеніп барады. Карантин шектеулері қатаңдатылғанмен, бір тәулікте 3800 адам ажал құшқан. Енді ел оппозициясы үкіметтен жалпыхалықтық локдаун енгізуді сұрап отыр.
Оппозицияның бұл ұсынысына қарсылық білдірген премьер-министр жалпыұлттық локдаун былтырғыдай экономика үшін ауыр соққы болады дейді. Өткен жылы шектеу шарасы дағдарысқа әкеп соқтырған. Дегенмен, оппозиция өкілдері пандемияға тосқауыл болудың бірден-бір жолы локдаун дейді. Вирус өршіп тұрған штат басшылығы үкіметтің рұқсатын күтпестен жергілікті деңгейде шектеу шараларын енгізген. Халықаралық ұйымдар да карантин жариялау дұрыс шешім екенін айтады.
Өткен аптада тәуліктік өсім 400 мыңнан асып кеткен еді. Қазір бұл сан 350-380 мың шамасында. Дегенмен, мұның өзі де жантүршігерлік көрсеткіш екені түсінікті. Осылайша вирус жұқтыру дерегі 20 миллионнан асып кетті. 222 мыңы көз жұмған. Сарапшылар шындығында бұл сандар әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады.
Әлемдегі ең ірі вакцина өндірушісі, үнділік Serum институтының басшысы Адар Пунавала Нарендра Моди үкіметін Үндістанда халықты вакцинациялау үшін дәрі-дәрмектер жетіспейді деп айыптады. Сарапшы Үндістан билігіне наурызға дейін, аурудың екінші толқыны елге енген кезде вакцинацияны бастауды ескерткен. Ал осы уақытқа дейін тек 21 миллион дозаға тапсырыс берілген.
Лондонда өтіп жатқан «Үлкен жетілік» елдері Сыртқы істер министрлерінің отырысында Үндістан делегаттары түгел оқшауланды. Себебі бұған дейін делегация өкілдерінің Сovid-19-ға тапсырған тестілерінің екеуі оң нәтиже көрсеткен.