Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтері қақтығысты тоқтату туралы келісімге келгеніне қарамастан шекарада қайта атыс басталды.
Ресми мәліметтер бойынша, атыс Арка, Доштык және Жаштык ауылдарында болып жатыр. Баткен ауданының Коктерек ауылында 17 үй жанып кетті. Тағы бірнеше елдімекенде үйлер мен жанармай бекеттері отқа оранған. Лейлек ауданынан 13,5 мың адам эвакуацияланған. Аудандағы Борбордук, Арка, Интернационал, Жаштык және Максат ауылдары да зардап шеккен. Мұнда 27 жанар-жағармай станциясы тұтас жанып кеткен, дүкен-дүңгіршектер тоналған.
28 сәуірде Баткен облысының Тәжікстанмен шекаралас Көк-Таш ауылы маңында су тарату пункті аумағында қырғыз және тәжік азаматтары жанжалдасып қалған. 29 сәуірде шекарадағы жағдай ушығып, екі елдің әскери қызметкерлері арасында атыс болған.
Бүгін Қырғызстан премьер-министрі Улукбек Марипов пен Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода бейсенбі күні Қазан қаласындағы алдын-ала жоспарланбаған кездесу кезінде мәселені күшпен шешуге жол беруге болмайтынын айтқан. Қырғыз үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар мәселені келіссөз арқылы шешуге дайын екенін білдірді. Бұл жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров«барлық тұрғындарды, оның ішінде саяси күштер мен ақпарат құралдарын арандатуға берілмей, араздық отын жақпауға» шақырды. Сондай-ақ Жапаров «тәжік бауырларымызбен тіл табысамыз, барлық мәселелерді шешеміз» деді.
1980 жылғы екі жақты келісімге сәйкес, тарату бекетіндегі су қорының 37%-ы Қырғызстанға, 63%-ы Тәжікстанға тиесілі. Шекараның нақтыланбауы мен суға талас екі ел арасында осындай қақтығыс тудырып келеді.