Алматыда шетелдіктерге жерді ұзақ мерзімді жалға беруге қарсылық митингісі өтіп жатыр. Биліктің тосқауылына қарамастан алаңға 200 шақты адам жиналды.
Митингіге шығудың басты себебі – мәжілісте мақұлданып, сенатта қаралып жатқан жер туралы заң жобасында орман шаруашылығымен айналысу үшін шетелдіктерге жер беруді көздейтін баптың болуы.
Жиналғандар жерді шетелдіктерге жалға бермеуді және сатпауды талап етті. Сонымен қатар Қазақстанда 56 қытайлық зауыт салуға қарсылық білдірді. Шеруде жұрт «Жер шетелдіктерге сатылмасын!», «Назарбаев, кет!» деп ұрандады. Митингтің заңсыз екенін түсіндіруге тырысқан прокурорды халық ығыстырып тастады.
Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай: «Билік халықты алдап отыр. «Ауыл шаруашылық жерлері Қазақстан азаматтарына сатылмасын, біз соған қарсы шығып отырмыз» деп билік өздеріне ұпай жинағысы келеді. Ал ауыл шаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтарына берді деген сөз сатылды деген сөз. Оны сатып алатын кімдер? Латифундистер, олигархтар, Назарбаев айналасында жүргендер. Заңның қабылдануына түбегейлі қарсымыз. Қазақтың жері шетелдіктерге жалға берілмесін, сатылмасын!», – деді.
Шеру белгіленген Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда арнайы жасақ өкілдері жүр. Алаң маңына жедел жәрдем көліктері, автобустар қойылған. Әдеттегідей, ғаламтор бұғатталған. Сол себепті ақпарат құралдарына алаңнан хабар тарата алмады.
Атыраудағы жер дауы да митингіге шығудың бірден-бір себебі болды. Бірнеше күн бұрын Қазақстан мен Ресей шекарасына жақын орналасқан Көптоғай ауылында жер дауы болып жатқаны жайлы ақпар тараған. Артынша Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі 14 сәуірден бастап Көптоғайда Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталғанын хабарлады. Әкімдік мәліметінше, бұл жұмыстар 2005 жылы Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісім» бойынша жүргізіліп жатыр.
Алматыдағы шеруде сағат 13.оо шамасында бұрынғы Фурманов көшесіне қарай бет алған шерушілерді арнайы жасақ өкілдері қоршауға алып, жолды тұтастай жауып тастады. Наразылар егер жер туралы заң қабылданса, 15 мамырдан бастап Республика алаңына шатыр тігіп, аштық жарияламақ.
Осыған дейін Шымкент, Орал, астана, Зайсан ауданы (ШҚО) және өзге қалалар мен елді мекендерде белсенділердің бейбіт митинг өткізу туралы өтініштері қабылданбаған. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жөніндегі департаменті қазір қаланың коронавирус бойынша «қызыл аймақта» тұрғанын алға тартып, қоғамдық шара өткізуге тыйым салынғанын ескерткен.
Жер мәселесі бойынша Қазақстан соты экстремистік деп, ал Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі, қуғындағы кәсіпкер Мұхтар Әблязов та халықты шеруге шақырды. Әбілязов митингісі 1 мамырға белгіленген.
(ақпарат толықтырылады)