Еуропада жүрген АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен күтпеген жерден ұшағының басын Кабулға бұрды. Ол Байденнің соңғы шешімдерін түсіндіру үшін және ауған жерінен әскер шығарудың дайындығын талқылау мақсатында Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен және өзге де ел басшыларымен кездеспек.
Бірер күн бұрын ғана Ақ үй басшысы Жоу Байден Ауғанстандағы америкалық жауынгерлерді 11 қыркүйекке дейін елге қайтарып, Ауғанстандағы соғыстың 20 жылдығында толықтай елдегі әскери операцияларды аяқтау туралы шешімін жария еткен еді. Бұдан 20 жыл бұрынғы Нью-Йоркте болған 11 қыркүйек оқиғасынан кейін, АҚШ әскері Ауғанстанға кірген еді. Содан бері Ауғанстаннан америкалық сарбаздар кеткен емес, тіпті ең көп кезінде АҚШ-тың 100 мың жаунгері ауған жерінде тұрған болатын.
Associated Press ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, Блинкен Ауғанстанға АҚШ әскерінің шегінуін өздері қолдап келген Кабул билігіне түсіндіру үшін барды. Ол кездесулерде АҚШ әскерінің елден кеткенімен екі үкімет арасындағы қорғаныс ынтымақтастығы тоқтап қалмайтынын жете түсіндірмек. «Бұл сапар Америка Құрама Штаттары мен осы бір Ислам Республикасы және ауған халқы арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі болғанын түсіндіреді деп сенемін», – депті Блинкен президент Ғанимен кездескен кезде. Ол сондай-ақ, «серіктестіктің өзгергенін», алайда бұл қарым-қатынас әлі де ұзақ уақытқа созыла беретінін жеткізген.
Сондағы Ашраф Ғанидің айтқан сөзі: «Біз бұл шешімдеріңізді құрметтейміз, бұл әуелі біздің тәртіпті реттейді», – деген.
Кабулға ұшудан бұрын АҚШ мем. хатшысы мен қорғаныс министрі НАТО бас хатшысы және өзге де жетекшілерімен кездескен. Олар Ауғанстан ісі бойынша әрекеттерін үйлестіруге келіскен. Сондай-ақ, Ауғанстандағы 20 жылдық соғысқа баға берген, айталық, Ауғанстанда Бин Ладеннің террорлық ұйымын жойып, тәліптерді биліктен құлатып, елдегі террористік топтарды тазарттық деген. Алайда, қазір елде террорлық топтар қайта көбейді, тәліптердің билік ауқымы елдің басым аумағына кеңейіп кетті.
Қазір Ауғанстанда он мыңнан астам шетелдік күштер бар. Оның 7 мыңнан астамы НАТО-ның, 2500-і АҚШ әскері. Бұдан тыс БҰҰ-ның қауіпсіздік күштері де бар. Уашингтонның шешімінен кейін НАТО да бірден мәлімдеме жасап, ауған жеріндегі әскерлерін таяу бірнеше айда кері алып кететінін айтқан.