Жемқорлық жағынан Танзаниямен қатар тұратын Қазақстан Антикорының төрағасы ауысты. Президент Тоқаевтың жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Марат Ахметжанов тағайындалды.

Ақорданың хабарлауынша, антикорды төрт жылдай басқарған Алик Шпекбаев агенттік басшысы қызметінен босатылды, әзірге оның қайда барары белгісіз.

56 жастағы Марат Ахметжанов кейінгі бес жылда бас прокурордың орынбасары болған. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, агенттіктің Атырай өңіріндегі департаментінің жетекшісі, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарының прокуроры лауазымында қызмет атқарып, Құқықтық статистика комитетін басқарған.

Өмір бойы мемлекеттік құрылымда жұмыс істеп келе жатқан Ахметжанов жоғары білімді заңгерлік сала бойынша Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінде алған. 30 жылға жуық тәжірибесінде Теміртау қаласынан бастап Бас прокуратураға дейін мансап құрған. Адам хақы жиі бұзылатын Қазақстанда 2019 жылдан бері президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі.

63 жастағы Алик Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін 2017 жылдан бастап басқарды, оған дейін үш жыл төраға орынбасары лауазымында болды. Сондай-ақ, 35 жылдан аса күштік-құзырлы органдарда жүрген ол Президент әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі басшысы, ішкі істер вице-министрі болды, құқық қорғау органдарында түрлі қызметте болған. Назарбаевтың тұсында «Даңқ» және «Құрмет» ордендері, Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Конституциясының 10 жылдық мерейтойлық медалдарімен марапатталған.

Сарапшылар мен азаматтық қоғам белсенділері елде жемқорлық барлық әлеуметтік-саяси өмірді түгел шарпығанын айтып, көп сынайды. Жас республикада қарапайым мектеп директорынан бастап премер-министр, Үкімет құрамының бірқатар мүшелері, сот жүйесінің судялары жемқорлық бойынша айыпталып, сотталып жатады. Халықаралық Transparency International  ұйымы биыл қаңтарда жасаған «Жемқорлық индексінде» Қазақстан жемқорлыққа жақын елдер тізімінде аталған. Қазақстан 180 ел тізімделген рейтингте Эфиопия, Перу, Сербия, Шри-Ланка, Суринам және Танзаниямен бірге 94-орында тұр.

"The Qazaq Times"