Коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасының атауы Vaxzevria деп өзгертілді. Бірақ препараттың құрамы еш өзгеріссіз қалады.
Euroweeklynews мәліметінше, бұл шешімнің Еуропадағы соңғы жанжалдармен байланысты. Бұған дейін Еуропаның бірқатар елдері AstraZeneca екпесін сатып алудан бас тартып отыр. Себебі, «препараттың қан айналымын нашарлатып, тромбылардың түзілуіне ықпал етеді» деген болжамдар айтылды.
AstraZeneca вакцинасын салуды тоқтатып қойған бірінші ел – Дания. Бұл шешім наурыздың басында екпені салдырған бірқатар даниялықта қан ұйықтары анықталған соң қабылданды. Қанында ұйықтар пайда болған азаматтардың бірі екпе салдырғаннан 10 күн өткен соң қайтыс болған. Елдің денсаулық сақтау жөніндегі құзырлы органдары AstraZeneca екпесін қолданудың кемі екі аптаға тоқтағанын, осы уақыт аралығында тіркелген жағдайлардың тергелетінін мәлімдеді. Бірақ мекеме вакцина мен қан ұйықтары арасында байланыс бар деп қорытуға әлі ерте екенін ескертті.
Бірак кейіннен Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі препаратты тексере келе, екеуінің арасыннан байланыс таппағанын мәлімдеді. Сарапшылар мәселе вакцинаның белігілі бір партиясымен байланысты болуы мүмкін деген жорамалды да жоққа шығарды. Осыдан кейін Германия, Франция мен Италия вакцинаны қайта қолдана бастайтынын хабарлады.
Канада билігі де жасы 55-тен асқан тұрғындарға бұл екпені салуға тыйым салған. Алайда жуырда осы мәселеге қатысты отырыс өткізген дәрілік заттар жөніндегі еуропалық агенттік екпе қауіпсіз әрі тиімді деген мәлімдеме жасады.