Еуропада коронавирустың үшінші толқыны басталды. Қазір Еуроодақ елдері карантинді қайтадан қатаңдата бастады. Сонымен қатар, вакцинация бастаған елдер AstraZeneca екпесін сатып алудан бас тартып отыр. Себебі, «препараттың қан айналымын нашарлатып, тромбылардың түзілуіне ықпал ететіні» анықталған.

Жақында ғана карантин шектеулері жеңілдей бастаған Германияда британдық штам дерегі артқан. Германия денсаулық сақтау министрлігі халықтың 80%-ы вакцина қабылдағанда ғана коронавирустық шектеулер алынатынын мәлімдеді. Екінші тоқсанда неміс халқы 60 миллион доза салдырады. Оның жартысы BioNTech және Pfizer препаратына тиесілі. AstraZeneca вакцинасынан бірқатар ел бас тартып отырса да, Германия бұл екпенің 17 миллион дозасын сатып алмақшы. Билік аталған препаратты жасы 65-тен асқан тұрғындарға егуге рұқсат берген. Бұған дейін неміс елінің 6 миллион азаматы ковидтен қорғайтын алғашқы дозаны алған. Ал екінші дозаны әзірге 2 миллион 700 мыңдай тұрғын салдырды.

Венгрияда вирус бұрынғыдан гөрі тез тарап барады және жұқтырғандар арасында жастар көп. Сондай-ақ, ауруы асқынған науқастар көбейген. Елде былтыр қарашада енгізілген коменданттық сағат әлі күші жоймады. Мейрамханаларда тамақты тек өзімен бірге әкетуге ғана болады. Яғни іште отыруға рұқсат жоқ. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер қашықтан білім алады. Ал енді ахуалдың ушығуына байланысты шектеу шаралары күшейтілді: бастауыш мектептер, балабақшалар жабық; дүкендердің басым бөлігі жұмысын тоқтатқан.

Австрияның денсаулық сақтау министрі елде коронавирустың үшінші толқыны басталғанын жария етті. Осы ретте билік өңірлерде бақылау-өткізу бекеттерін қойды. Сондай-ақ тұрғындарды өзге аймаққа кірерде тест тапсыруға міндеттеді. Негізі, елдегі эпидемиологиялық ахуал осы айда нашарлады. Өйткені карантин жеңілдетілген. Сөйтіп қазір күнделікті өсім 3 мың шамасында. Ал қатаң карантин кезінде, мәселен, ақпанда бұл көрсеткіш 2 мыңның маңайында болатын.

Пандемиядан зардап шеккен елдердің бірі – Италияда билік бар өңірлердің төрттен үшін қызыл аймаққа жатқызып, 6 сәуірге дейін карантин жариялады. Қызыл аймақтағы мектептер мен жоғары оқу орындары жабылады. Мейрамханалар мен барлар қонақтар қабылдамайды. Тамақты тек өзімен бірге әкетуге болады. Негізі өткен аптада мұнда 150 мың адамның тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен.

Вирустың алдын алу үшін өткен дүйсенбіден бастап Чехияда мектептер мен дүкендер жабылды. Ауруханаларда орын аз болғандықтан, Чехия билігі науқастарды Польшаға жіберуге мәжбүр. Қазір бұл мемлекетте Еуропада вирус жұқтыру дерегі бойынша антирекорд орнаған – соңғы 14 күнде миллион адамға шаққанда 15 мың жағдай тіркелген.

Алғашқы толқын әлеуметтік, экономикалық жағдайына ауыр соққы болған Еуропаның тағы бір елі Испанияда вирус дерегі, керісінше, күрт төмендеді Қаңтардың соңында 100 мың адамға шаққанда 900-ге жуық жағдай тіркелді. Ал 10 наурызда 153 кейс анықталды. Жақында Испанияда барлық денсаулық сақтау қызметкерлері: ауруханалардан емханаларға дейін, қарттар үйлерінен жедел жәрдем медбикелеріне дейін ереуілге шықты. Олар 35 сағаттық үзіліссіз жұмыстан шаршағанын айтып, биліктен дәрігерлердің жағдайын жақсартуды талап етті.

"The Qazaq Times"