Әр жылы наурыз айында әлем елдерінің саясаткерлері мен журналистері Қытайдағы «саяси драмаға» назар аударады. Кеше, 4 наурыз күні Бейжіңде «Бүкілқытайлық Халық жиналысы» (Халық құрылтайы деп те аталады) ашылды; ал бүгін Қытай Халықтық саяси бюросы Ұлттық комитетінің отырысы басталды. Қатар басталатын бұл екі жиналысты «Екі құрылтай» деп те атайды.
Биылғы жиналыста Қытай өзінің экономикалық өсу межесін көрсете ме деген сауал көпті қызықтыруда. Былтыр мамыр айында Қытай премьер-министрі Ли Кычяң (Ли Кэцян) «Үкіметтің жұмысы туралы есебін» жария еткен кезде экономикалық өсудің нақты жоспарлы межесін көрсетпеген болатын. Бұндай жағдай Қытайда 1994 жылдан бері алғаш рет рет болған. Қытай премьері бұл әрекетін пандемия әсерінен жаһандық экономикалық өсімдегі белгісіздікдермен түсіндірген.
Әлем елдеріндегідей, коронавирус алып келген дағдарыс та Қытай экономикасының өсімін алдын-ала нақты болжауға мүмкіндік бермей отыр. Ли Кычяң өзінің баяндамасында Қытай үкіметі де болжауға болмайтын кейбір маңызды факторлармен бетпе-бет келіп отырғанын мойындаған еді. Дегенмен, былтыр жылдың екінші жартысынан бастап Қытай өз ішіндегі індет жағдайын біртіндеп бақылауына ұстап, шектеу шаралрын жеңілдетуге мүмкіндік алды. Ал, Қытай Коммунистік партиясы XIX Орталық комитетінің 5-ші Пленумында Қытайдың 2035 жылға дейінгі даму мақсатын жоспарлап жария етті. Сол жоспар бойынша, 2035 жылға барғанда адам басына шаққандағы ЖІӨ орташа дамыған елдердің деңгейіне жетеді делінген. Ал осы ЖІӨ өсуін кезекті екі сессия кезінде белгілей ме деген сұрақ тууда.
«Халық құрылтайы» өкілдерінің Қытай ақпарат құралдарына берген жауабына қарағанда ЖІӨ өсу көрсеткіші кезекті екі сессияда белгіленуі мүмкін. Себебі, делегация өкілдері бұл Қытайдың ұлттық дамуымен тығыз қатысты деп санайды.
ЖІӨ индексін орнату Қытайға не үшін керек?
Былтыр жаһандық індет жағдайында Қытай экономикасы 2,3 пайызға өскені туралы ресми мәліметтер тарады. ЖІӨ алғаш рет жүз миллиард юанды асып, Қытай өзін оң өсу көрсеткішін көрсеткен әлемдегі жалғыз экономика ретінде жариялады. Гонконг басылымдарының сараптауынша, Қытай билігі енді жаңа экономикалық мақсаттарын ашық жариялауға тырысуы мүмкін.
Әрине, ЖІӨ-нің өсуін жоғары етіп көрсету үшін жылжымайтын мүлікті пайдаланатынын көп санды ел біледі. Қытай тұрақты мүліктер арқылы ЖІӨ-ді жоғары етіп көрсету әдісін бұған дейін де қоланған. Елдегі тұрғын ұй, құрылыс, жол секілді жобаларды көбейту арқылы жалпы ішкі өнім көрсеткішін жоғарылатып, нәтижесінде көпіршік экономикаға батып кете жаздаған кездері де болған. «Бірақ, бұл жолы көпіршік экономикаға бой ұрмайды деп үміттенемін», – дейді Гонконг университеті Қаржы және экономика кафедрасының профессоры Луо Жясоң. Ол Гонконг басылымдарына берген жауабында: «Шын мәнісінде Қытайдың ішкі экономикалық жағдайы пандемиядан кейін онша керемет күйде тұрған жоқ. Сыртқы әлемге экономикалық жағдайын жақсы етіп көрсету үшін инвестициялық мүмкіндікке толы етіп көрсетуде. Экономикалық өсудің әлемдік чемпионы етіп көрсетілуі де осымен қатысты», – деген.
Қытай биыл ЖІӨ өсімін белгілеуі мүмкін бе?
Аталған Гонконг университетінің профессорының болжауынша Қытай биылғы ЖІӨ өсімін былтырғыдан жоғары етіп қоя алады. Себебі, жалпы 2020 жылы әлемдік экономикалық өсім тым нашар болды. Ал, биыл былтырғымен салыстырғанда көп жақсы болуы мүмкін, Қытай үкіметі осыдан пайдалана отырып, өзінің ЖІӨ өсімін 7 пайыз немесе одан да жоғары етіп белгілеуі мүмкін.
Бірақ, бұның керісінше, Reuters ақпарат агенттігі осы аптада өзінің сенімді дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, ҚКП екі сессияда эпидемияның әсерін алға тарта отырып, биылғы «Үкімет жұмысының есебі» былтырғымен бірдей болады, жылдық экномикалық өсу көрсеткішін жоспарламайды деп мәлімдеді.
Аустралиялық зерттеушілердің пайымынша, пандемия Қытай экономикасына олар айтқаннан көрі ауыр әсерін тигізді, сондықтан Қытай үкіметіне ЖІӨ өсуінің төмен деңгейін сақтау дұрыс таңдау болуы мүмкін деген пікірлерін айтады. Айталық, Сидней технологиялық университетінің Қытайтану кафедрасының доценті Фэн Чонги VOA агенттігіне берген сұхбатында: «Қытай экономикасы бұрындары қиын жағдайда болса, қазір де қауіпті күйде тұр. Өндіріс күрт төмендеді, жабылған бизнес орындарының саны артып, жұмыссыздық күшейген. Осындай жағдайда үкімет барлық ведомстволардың нақты мәліметтерін ашып көрсететін болса, ондай жағдайға ҚКП-ның беті шыдай алмайды. Сондықтан ЖІӨ көрсеткішін төмендетіп, экономикалық өсім көрсеткішін көрсетпейді», – деген көзқарасымен бөліскен.
Қорытындылай айтқанда, пандемияның Қытай экономикасына тигізген теріс әсері ҚКП ресми мәліметтерімен салыстырғанда анағұрлым ауыр. Бұған дейін Қытай билігі жасанды өсім көрсеткіштеріне беріліп келгені туралы да көп айтылып келген. Провинция, қала, аудан әкімшіліктері өңірлік экономикалық көрсеткіштерін мәлімдеуде әсірешілдікке бой ұрып келгені Ши Жинпиң тұсында көбірек сынға алынған. Қазіргі әлемдегі экономкалық белсенділіктің төмендеуі және дағдарыстың, жұмыссыздық пен құлдыраудың күшеюінен Қытай билігі ендігі жерде өзінің экономикалық өсімін алдын ала көрсетуден барынша тізгін тартып қалды. Осының өзі елдегі экономикалық картинаны айқындаса керек.