Ауғанстанның Ұлттық қауіпсіздік агенттігі тыңшылық жасады деп күдікпен кемінде 10 Қытай азаматын елден шығарғанын мәлімдеген. Бірақ, бұл туралы Қытай СІМ тарабы «хабарымыз жоқ» деген мәлімдеме жасапты.
Ауғанстан Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің жетекшісі Ахмед Зия Сараж өткен айда Қытайдың тыңшылар желісін ашқанын растады. Дегенмен, бұл мәселе аса сезімтал тақырып болғандықтан Сараж толық мәлімет бере алмайтынын білдірген.
Hindustan Times басылымы екі күн бұрын хабарында, Ауғанстан тарабы Қытай азаматтарын алғаш рет тыңшылық айыбымен тұтқындағанын баса белгіледі. Аталған басылым кемінде 10 қытайлық азаматтың Бейжіңнің барлау органымен байланысты екенін, ал оның екеуі «Талибан» террористік ұйымының филиалы – Хаккани құрамында болып келгені туралы мәліметтерді көрсетті. Аталған ұйым тәліптердің Ауғанстандағы негізгі күштерінің бірі саналады.
Hindustan Times сондайақ, бұл қытайлық азаматтар өткен айда Кабулда тұтқындалғанын, кейін кешірім беріліп, елден шығарылғанын жазған. Басылым олардың Қытайға қайтарылуы Бейжіңнің қысымының нәтижесі деп көрсеткен екен, себебі, олар Қытай жіберген арнайы ұшақпен қайтарылған.
Дегенмен, журналистер сәрсенбі күні Қытай Сыртқы істер министрлігі өткізген брифингте Қытай СІМ өкілі Хуа Чуниыңнан осы мәселе туралы сұрағанда ол: «Бұл түсініксіз жағдай, бұдан хабарымыз жоқ» деген жауап қайтарған. Ол және Қытай-Ауғанстан арасындағы байланыстар қашанда бейбіт және достық қарым-қатынасқа құрылған деп көрсеткен.
Сүйтсе де, Ауған билігінің аты-жөнін көрсеткісі келмеген бір лауазымдысы «Рейтер» агенттігіне берген жауабында, тергеу-тексеру құжаттары аталған қытайлық күдіктілердің тәліптерге делдал болып жүрген пәкістандық азаматпен тығыз байланыста болғанын айқын дәлелдейтінін айтқан. Ал, тәліптер Кабул мен Исламабадта АҚШ қолдауындағы ауғанның ресми билігіне қарсы күрескені белгілі.
«Талибан» тарабы Қытай азаматтарының тыңшылығы және тәліптермен байланысы туралы мәліметтерді жоққа шығарды. Пәкістан мен Ауғанстан президенттері де бұл туралы пікір білдірген жоқ. Тек, ауған президенті Ашраф Ғани Қытай тарабынан кешірім сұрап мәлімдеме жасапты. Ал, Қытай жіберген арнайы өкіл Бейжің тарабы бұл азаматтардың не іспен айналысып жүргенін анық білмейтінін, департацияланғаннан кейін тиісті органдар жіті тергеу жүргізетінін айтқан.
Ал, «Рейтерге» мәлімет берген ауғанстандық үш лауазымды тұлға, Ауғанстан тарабы қытайлық азаматтарды тұтқындағаннан кейін, Бейжің тарабы арнайы өкіл жіберіп оларды босатуды талап еткенін айтқан. Олар сондай-ақ, тыңшылық күдікке ілінген қытайлық 13 азамат арасында қарапайым құрлысшы, наубайшы, ағаш ұсталары да болғанын растаған.
Үндістандық басылым Ауған үкіметі Бейжің қысымынан кейін қытайлық күдікті азаматтарды босатуға мәжбүр болғанын көрсетеді. Дегенмен, екі тараптың өзге де құпия келісімдерге келу ықтималдығы да бар.