«Немкеттіге» салуға болар еді, алайда АҚШ президенті кім болады деген дау Құрама Штаттардан алқып шығып, біздің арамызға да жеткендей. Бірқатар америкалық басылымдар Жозеф Байденді АҚШ-тың келесі президенті қатарында атап жатқанымен, Ақ үйде билік ауысуға деген ешқандай дайындық жоқ. Анығында АҚШ-тың сайлауда жеңген президентін ресми атауға құзіреті бар екі ғана орган бар, оған қарамастан бірқатар басылымдардың Байденді президент қатарында айтып жатуы сол елдегі саяси топтар арасындағы ақпараттық тартыстың бір ұшы болса керек.
Сонымен Трампқа келейік, Трамп Байденді жеңді деп есептемейді. Оған қоса оның әкімшілігі мен Республикашыл партия кейбір штаттардағы сайлау нәтижесіне қатысты уәждерімен сотқа қайрылып отыр. Байденді айтсақ, Ақ үйдегі әкімшісін тағайындап, алдағы жұмыстарына қауырт дайындығын бастап кеткен. Тіпті, президент ретінде алғашқы қолға алатын жұмысы індетпен қалай күресетінін де топты ортада мәлімдеп, кәдімгі президенттей кіріскені байқалады. Нәтиже де «Демократия үлгісі» Құрама Штаттарда президенттік сайлауда осында белгісіздік қалыптасып отыр.
АҚШ-тың федералдық заңы сайлаудан кейін билік алмасуын қамтамасыз етуді Жалпы қызметтер әкімшілігіне ЖҚӘ (General Services Administration) жүктейді. Ол федералдық орган қатарында сайлаудың жеңімпазын мойындамаса, ешқандай билік алмасу болмайды. Жай күнде бар жоғы білінбейтін бұл орган федералды үкімет департаменттердің негізгі бағдарламаларын, соның ішінде билік алмасуына қатысты мәселелерге жауап береді. Тап қазір осы органды басқарып отырған Эмили Мерфиді Трамп тағайындаған. Ол Байденнің 2020 жылғы сайлаудағы жеңісін растаған жоқ.
Эмили Мерфи растамаса Байденның өтпелі жұмыс тобы өз жұмыстарын тиімді жүргізе алмайды. Былайша айтқанда, федералдық үкімет ұсынған қаражаттарды игере алмайды, саяси жағдайды бағамдау үшін түрлі департаменттерге кіре алмайды, ұлттық қауіпсіздік турасындағы мәліметтерге қол жеткізе алмайды және Байден командасындағы адамдар өздері белгіленген лауазымды қызметтерге дайындық жұмыстарын жүргізе алмайды.
ЖҚӘ сайлаудың жалпы қорытындысы әлі де белгісіздіктерге толы болғандықтан, соңғы қорытындының шықпағанын мәлімдеді. Аталған әкімшілік биылғы президент сайлауы 2000 жылғы сайлау процесіне ұқсайтынын алға тартты. Кіші Буш пен Алберд Гордың Флоридадағы дауына байланыстын ЖҚӘ Буштың сайлауда жеңіске жеткенін Жоғары соттың 13 желтоқсандағы шешімінен кейін ғана мойындаған болатын.
Трамп әкімшілігі қалыпты жұмысын жалғастырып жатқандай. Өткен аптада мемлекеттік хатшы Майкл Помпео Трамп әкімшілігінің екінші кезеңге ешқандай қиындықсыз өтетінін айтқан.