Fox News телеарнасына сұхбат берген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ресеймен салыстырғанда Қытай Америкаға үлкен қауіп төндіреді дейді.
Помпеоға екі алпауыт мемлекеттің қайсысы елдің ішкі және сыртқы саясатына араласып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген сауал қойылды. Мемлекеттік департамент басшысы: «Америка Құрама Штаттары үшін шетелдік держава ретінде ең үлкен қауіп – Қытай коммунистік партиясынан. Себебі қазір олардың Қарулы Күштері нығаюда. Олар Американы басып алғысы келеді, бірақ президент Трамп бұған жол бермейді», – деді.
Сәрсенбіде CNN телеарнасында өткен бағдарламада АҚШ-тың Әділет министрі, Бас прокуроры Уильям Баррға да осындай сауал қойылған болатын. Сұхбатта ресми өкіл «Америкадағы сайлауға биыл Қытай араласып, қауіп туғызуы мүмкін» – деді.
Баррға АҚШ-тағы сайлау процестеріне араласуға тырысқан мемлекеттер (Қытай, Ресей, Иран) туралы сұрақ қойылды. Барлау деректерін зерттеген Барр Америкаға басты қауіп Қытайдан деп ашып айтты.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп осы мәселе бойынша мәлімдеме жасаған болатын. Журналист Шерил Аткиссонға сұхбат берген Трамп: «Мен Ресей үшін қауіптімін және Путин мұны түсінеді. Путинмен тіл табыстық, бірақ ол менің сайлауда жеңіске жетуімді қаламайды. Жақсы байланыста болсақ та, ол менің жеңісіме қарсы. Сонымен қатар Қытай да менің ұтылғанымды қалайды», – деді.
АҚШ барлау агенттіктері 2016 жылы өткен пиезиденттік сайлауда Ресей сайлау процесіне араласты деп айыптаған. Осы іс бойынша иергеуді АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер екі жылға жуық уақыт бойы жүргізді. Атап айтқанда, ол Путин мен Трамп арасындағы келіссөздерді тергеді. Бірақ болжамдар дәлелденген жоқ.
Ақ үй басшысы Трамп сайлау науқаны кезінде ресейлік шенеуніктермен заңсыз байланыстар туралы күдікті жоққа шығарған. Елде кезекті президенттік сайлау биыл қарашада өтеді.
Ақпанда 2021 жылға арналған бюджет жобасында Ресей мен Қытай АҚШ үшін негізгі қауіпті мемлекет деп аталды. Ақ үй Ресейге қарсы тұру үшін 700 миллион доллар бөлуді ұсынды. Бұл қаражат АҚШ-тың Еуропадағы және Орталық Азиядағы одақтастарын қолдауға және ортақ қауіпсіздікті нығайтуға жұмсалады. Ал «ресейлік үгіт-насихат, жалған ақпаратпен» күресуге қосымша 24 миллион доллар бөлу жоспарланған.