8 тамыз, сенбі күні түске қарай астанаға іргелес (Ақмола облысына қарайтын) Талапкер ауылында биыл абақтыда қаза тапқан азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің асы өтті. Жиын барысынан хабар таратып жатқан БАҚ және белсенділердің мәліметіне қарағанда, республиканың әр өңірінен әзірге екі жүзден артық адам келген. Азаттықтың хабарлауынша, ауыл сыртында полиция көліктері мен автобустары «сақадай сай» тұр.  

Ағаділдің қарашаңырағының алдына үш ақбоз үй тігіліп, дастархан жайылған, әр үйдің босағасында ту көтерілген. Басты баннер мен көрнекі плакаттарда Қазақстанның картасы, белсендінің суреті мен «08.08.2020» деген жазу бейнеленген.

Еске алып, дұға бағыштау шарасына жиналғандар алдында марқұмның анасы Гүлбараш Жолмұханбетова, әйелі Гүлнар Қасымханова және белсенді Жанат Нұркішев Ағаділ өлімінің «ерте аяқталған» тергеуі жөнінде сөз сөйлеп, прокуратураға жазылған арызды оқып берді, – деп хабарлайды Азаттық.

Ақпан-тоқпанда азаматтық қоғамды аяқтан тұрғызған Ағаділдің рухына арналған асқа полиция өкілдері, Талапкер ауылының әкімі мен санитар дәрігері келіп ескерту жасамақ болды. Бірақ халық наразылық білдірген соң, олар ешнәрсе айтпастан кері бұрылып, кетіп қалды.​ Асқа жиналған жұрт марқұмның бейіт басына барып дұға бағыштады. Жол-жөнекей белсенділер шерулетіп жүріп өтті. Олар «Дулат Ағаділ», «Дулат батыр!» деп ұрандасып, «Менің атамекенім» әнін бірге шырқасты. Шерушілер көшін екі қапталдан арнайы жасақ еріп жүрді. Сондай-ақ Гүлбараш Жолмұханбетованың жиын өтіп жатқан үйінің үстінде ұшып жүрген биліктің арнайы дрон-камералары жиналғандарды бейнежазбаға түсіріп алған. Алдағы уақытта елдің әр өңірінен келген белсенділерді полицияға шақыру-тергеу жүруі де әбден мүмкін. Себебі қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, елде асқа келуге ниеттенген 30-ға тарта азаматты полиция ұстап не жолға шығуына кедергі жасаған. Бүгінгі асқа қатысқандарды полиция ұстаған жоқ. Дұға бағыштаған соң жиналғандар тарап кеткен.

Дулат Ағаділ биыл ақпан айының 24-і күні Қазақстан полициясы алып кеткен соң абақтыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап ете жүріп көп рет қамалған белсенді өлімінің ресми себебі «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі» деп көрсетілді. Дегенмен көптеген белсенділер, жұртшылық және марқұмның туыстары бұған сенбейді.

Былтыр көктемнен бері жиілеген әлеуметтік наразылықтардың бел ортасында жүрген белсенді өмірінің ақырына дейін әкімшілік жаза ретінде кемінде 60 күндей қамауда болған. Артында қалған алты баласы мен жарына еріктілер, белсенділер ортадан жылу жиып, белсенді іргетасын қалап кеткен үйдің құрылысын аяқтап берген. Осыған орай, бүгінгі ас бір жағынан көпшілікке ризашылық жиыны ретінде өтіп жатыр. Ас туралы хабар тарағалы бері елдің әр аймағынан келем деген ниетті белсенділерге кедергі көбейіп, билік қысымы артқан. Осы себепті де қыстың аязында Ағаділдің ақтық сапарына қатысқан мыңдаған адамның қарасы айтарлықтай аз болса керек.

Ауыл сыртында тұрған полиция жасауылы мен биыл мамыр айында ғана тағайындалған Талапкер ауылдық округінің әкімі Асқар Жақсыгелдинов қалай әрекет ететіні туралы хабарлайтын боламыз.

Марқұмның қазасын ашық әрі әділ тергеуді талап еткен АҚШ мемлекеттік департаменті, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен ЕҚЫҰ құрамындағы  Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро басшылығы, азаматтық қоғамның талабына қарамастан, Қазақстан билігі елді дүрліктірген істі бір тоқсанға созбай 29 мамыр күні тоқтатқан. Құзырлы органның қорытындысы бойынша, Ағаділдің  қазасына ешкім жауапты емес көрінеді. Алайда мұнымен келіспейтіндер көп.

(ақпарат толықтырылды)

"The Qazaq Times"