Елімізде әлі де коронавирус жұқтыру қаупі жойылған жоқ. Осыған орай астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова COVID-19 вирусының таралуының негізгі ошағы ретінде отбасы қаралып отырғанын ескертті.

Оған себеп жаңадан тіркелген жағдайлардың көбінің отбасылық індет ошақтарына байланысты болуы. Басқарма басшысы: «Инфекцияның жаңа ошақтары байқалады. Бұл - отбасылық ошақтар. Күн сайын біз ауруды жұқтырған отбасының екі немесе кейде 5-7 мүшесінен вирус табамыз. Отбасылық мерекелерді өткізу кезінде індет жұқтырғандар байқалды, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Кей адамдардың санитарлық нормаларды сақтамаған жауапсыз әрекеті кішкентай балалар, қарттар мен жүкті әйелі бар отбасының барлық мүшелерінің жұқтыруына әкеліп соғады. Тіпті Covid-19 диагнозымен түскен жүкті әйелдің сәбиі де коронавируспен туған кезі болды. Балаларды аналарынан бөлек ұстауға тура келді. Кей адамдар өз денсаулығын күтпесе де, жақындарын ойлауы тиіс. Тәжірибе созылмалы ауруы жоқ, дені сау адамның өзі коронавирустан жатып қалуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ағза инфекциямен күресе алмаған соң жасанды желдету аппаратына қосуға тура келді. Ешбір жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайды», – деді.

Барлық инфекция жұқтырғандардың 75%-ы 18 бен 59 жас аралығындағылар.

Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері ел астанасында 2543 адам инфекция жұқтырды: 34 науқастың жағдайы ауыр болса оның 12-сі өте ауыр жағдайда, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, 10 науқас індеттен көз жұмды. 1679 науқас (66 %) жазылып шықты.

Санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін атап өткен басқарма басшысы: аса қажеттілік болмаса адам көп жиналатын жерлерге бармауын, қоғамдық орында маска киіп, арақашықтық сақтап және антисептик пайдалану керек екендігін ескертті.

"The Qazaq Times"