Коронавирус дертінің ушығуы себепті биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы мемлекеттік деңгейде тойланбайтын болды.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте: «Көрісу, Наурыз халықпен біте қайнасқан, дәстүрлі мейрам. Дегенмен, адам өмірі маңызды. Сол себепті де Наурызда үлкен мерекелік тойларға тыйым салынады. Бірақ ағайындардың бір-біріне барып құттықтауын, көрісуін ешкім қадағалап отыра алмайды. Оған шектеу қойылмайды да. Әрбір азамат тек өзін ғана ойламауы керек, өзінің жанұясын, айналасының қауіпсіздігін ойлауы керек», – деді.
Көршілес мемлекеттердің басым бөлігінен табылған вирус дерегі ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда тіркелген жоқ. Бұған дейін «Жамбыл облысына вирус жұқтырған 150 адам бар», «Оңтүстік Кореядағы қазақстандық науқас ауруханадан қашып кетті» деген ақпараттың барлығын Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.
Дегенмен таяуда Қазақстанда шамамен 4 мыңға жуық адамның бақылауға алынғаны мәлім болды. Ресми ведомство таратқан мәлімдемеде: «4650 адамға мониторинг жүргізілді, оның ішінде 1 «а» санаты бойынша – 1217, 1 «б» санаты бойынша – 189, 2 санат бойынша – 3244 адам медициналық бақылауда болды. Барлығы 676 адам бақылаудан алынды. 11 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 3974 адам бақылауда тұр», – делінген.
10 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин алдағы 5-6 күн ішінде елде коронавирус диагнозы тіркелуі мүмкін екенін айтты.