Алматыда ақпарат және қоғамдық даму министрінің қатысуымен өткен митинг туралы азаматтық белсенділер жиынынан соң, Дәурен Абаев интернеттің бұғатталуы туралы пікір білдірді.
Бейбіт шеру-пикет өткізу және ұйымдастыру тәртібі жөніндегі заңды жетілдіру мәселесі шикі талқыланғаннан кейін ақпарат министрі Абаев журналистерге сұхбат берді. Ол соңғы бірнеше күн бойы интернет кеңістігіндегі негізгі ресурстарға кірудің қиындауына аталған ведомствоның еш қатысы жоқтығын мәлімдеді.
Министірдің айтуынша, «интернеттің неліктен бұғатталғанын сол салаға құзыреті бар органнан сұрау керек. Ал, ақпарат және қоғамдық министрлігінің байланыс саласындағы құзыры осыдан бір жыл бұрын алынып қалған».
Дегенмен қордаланған қалың сұрақтың астында қалған Абаев интернет байланысын бұғаттау не қайта қалпына келтіруге жауапты ведомствоның атын атамады.
Кеше, 16 ақпан Ақорда хатшысы Берік Уәли facebook желісіндегі ресми парағында «президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде жұмыс сапарымен жүргенде Қазақстанның интернет желісіндегі ақау жайында хабардар болды. Мемлекет басшысы барлық ақпараттық ресурстардың жұмысын қалпына келтіруді тапсырды» деп жазған еді.
Өткен аптаның бейсенбісі, яғни 13 ақпан кешкісінен бері Қазақстанда Telegram мессенджеріне хат алмасу мүмкіндігі кідіріңкіреді. Тіпті ұялы байланыс операторлары мен интернет-провайдерлер арқылы қолдану қиындады. Әр кезде әрқалай болмашы мезгілге, бірнеше минут қана қолжетімді болды. Кейіннен қызмет қайта үзілді.
Ал жексенбіде елдегі Google іздеу жүйесіне, Gmail поштасына, YouTube видеохостиңіне кіру қиындап, Android тұтынатын қазақстандықтардың PlayMarket қызметі бұғатталды. Түс ауа, сағат 15: 00-ден кейін барлық ресурс қайта қолжетімді болды.
Бұл елдегі интернеттің бірінші рет бұғатталуы емес. Әртүрлі өзекті саяси оқиғалар тұсында немесе санкцияланбаған жиын-митингтер кезінде ешқандай реcми мәлімдеме-ескертусіз интернет қызметін қолдану қиындап, ТОР ресурстар бұғаталып жатады.