Жамбыл облысының полиция департаменті Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында болған резонанс сипатындағы жанжал туралы мәлімдеме жасап, президент Тоқаев пікір білдірді.
Полиция департаментінің тергеу басқармасы таратқан хабарға қарағанда, жаппай төбелеске қатысты Қылмыстық кодекстің 293-ші «бұзақылық» бабымен тергеу ісі басталған. Ведомство мәліметінше, бүгін, ақпанның 7-сі Қордай ауданының Масаншы ауылында көпшілік көлемде төбелес болған.
Департаменттің ақпаратынша, 7 ақпанда Қордай ауданы Масаншы ауылында тұрғындар арасында жанжал шыққан. Орган төбелеске не түрткі болғанын айтпады.
«Полицейлер жанжалды тоқтатты. Жағдай қазір бақылауда» делінген департамент мәлімдемесінде. Бүгінгі таңда тәртіп бұзғандар мен бүлік себепкерлері анықталып жатқаны айтылды.
WhatsАpp және Instagram әлеуметтік желісінде тараған видеофрагменттерде бүлінген ғимарат, полиция көліктері, аударылған көлік пен қолына қару ұстаған топтың көрінісі байқалады, сондай-ақ тапаншаның дауысы естіледі.
Құзырлы орган хабарламада халықты «жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып, фейк дерек таратушылар жауапқа тартылытынын» ескертті.
Видеодан полицей қызметкеріне бағынбай, қол көтеріп қарсыласқан әлдебір азаматтың әрекетін көруге болады. Кейбір ақпарат порталында бейресми дерек көздері бойынша, жұма күні кешкілік уақытта Масаншы ауылында кемі бір тұрғын үй өртенгені хабарланды. Тіпті Қордай ауданына өзге ауданның полиция қызметкерлері жұмылдырылып жатқан көрінеді. Әлеуметтік желіде тараған деректерге сүйенсек, топтық төбелес ұлтаралық қақтығысқа ұласқан болуы мүмкін. Жергілікті халықтың арасында туған жанжалдың қандайда бір ұлтараздық сипаты бары жөнінде ресми ақпарат берілмеді.
Мемлекет басшысы Тоқаев өз Twitter парағында аталған оқиғаға байланысты пікір білдірді.
Президент «Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», – деп жазды