Қытайдың Ухан қаласынан қауіпті жаңа індет тарағанына екі айдан астам уақыт өткенде АҚШ-тың Өкілдер палатасы вирусқа қатысты мәселелер бойынша алғашқы талқы отырысын өткізді. Бірқатар заң шығарушылар Бейжің билігі Қытайдағы нақты жағдайды жасырып отыр деп күмәнданатынын білдірді және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің сенімі мен рөлін жоғалтып қойғанын айтты.

Жаңа коронавирус Қытайда қарқынды тарап жатқаны белгілі. Қазір қауіпті вирус Қытайдың барлық провинциялары мен автономиялы аймақтарына тарап үлгірген. Ресми мәлімет бойынша, қазірге дейін 28 мың адам жұқтырып, 560-тан астам адам көз жұмған. Сондай-ақ, әлемнің 20-дан астам еліне таралды. АҚШ-тың Висконсин штатында сейсенбіде жаңа коронавирусқа шалдыққан науқас тіркелді, бұл Құрама Штаттағы қауіпті вирусқа шалдыққандар санын 12 адамға жеткізді.

АҚШ Өкілдер палатасы Сыртқы істер комитетінің Азия-Тынық мұхиты істері жөніндегі кіші комитет шақырылған отырыста сарапшылар Қытайдағы вирус жұқтырғандар және көз жұмғандар саны Қытай билігі көрсеткен мәліметтен әлде қайда көп болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Аталған комитет Бейжіңнің алғашында АҚШ-тың ауруларды бақылау орталықтары мен денсаулық сақтау саласындағы басқа сарапшылардың көмегін қабылдаудан бас тартуы, кейін халықаралық ақпарат құралдарының күмәнді мәліметтерінен кейін ғана АҚШ көмегін қабыл алуы сынды әрекеттерін алға тарта отырып, Бейжің нақты жағдайды жасырып қалуға тырысып отыр деп санайды.

«Кешіктірілген ақпараттар мен бағалаулар Қытай биілігінің беделіне нұқсан келтіріп қана қоймайды, әлем елдері тіпті де көп адам өмірін жоғалтуына әкеліп соғады, әрі аурудың одан сайын таралуына жол береді», – дейді аталған комитет жетекшілері. Олар сондай-ақ: «Вирустың қауіпті әрі жұқпалы болуына қарамастан Қытай үкіметі осыған дейін Халықаралық қауымдастықпен толықтай ынтымақтастық жасасудан бас тартып келді. Біздің ойымызша, бұл жағдай саясаттандырылмауы керек, вирус саясатты да, шекараны да білмейді», – дейді.

Қытай СІМ тарабы бұған қатысты ең жаңа мәлімдемесінде барлық тараптарды Қытай үкіметінің эпидемияға қарсы бақылау, тізгіндеу амалдарының нәтижесін сабырлылықпен және тыныштықпен күтеді деп үміттенетінін жеткізді. Ашалап айтқанда, Қытай үкіметі барлық шараларды жасай алады, басқалардың араласуын қаламайды демек. Қытай СІМ өкілді Хуа Чүниң Қытайдың азаматтық авиациясы тоқтатылмайтынын, шетелдерде жүрген Қытай азаматтары да елге қайтарылатынын мәлімдеді.

Қалай деген күнде де, Қытайдағы тұтас ел көлеміндегі алдын алу, тізгіндеу шаралары әскери түс алып кеткен, ауылдар мен ауылдарды тіпті жақын көршілер де өз ара қарым-қатынастан шектелді. Осыдан-ақ, вирус жағдайының қаншалықты ауыр екенін білуге болады.

“The Qazaq Times ”