Бүгін, жақында ғана бас редакторы ауысқан «Жас Алаш» газетінің редакциясына барып жаңа басшыны Инга Иманбай қарындасымызды құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тілеп қайттық. Газеттің жаңа санын қолымызға алып, «Жас Алаштың» «жорғасынан жаңылмағанын» білгендей болдық.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді ұлы Ахаң. Ахмет Байтұрсынұлының осы сөзін толықтай дәлелдей алатын еліміздегі санаулы басылымның бір және бірегейі «Жас Алаш» жүз жылға тарта тарихында біраз дүниені қаузапты. Кешегі кеңестік замандағы қызыл үкіметтің жүргізетін құрал бола тұрып қазақ журналистикасында соны бір мектеп қалыптастыра білді. Арысы Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Сымағұл Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жәнсүгіров, Жүсіпбек Аймаутов, Мұхтар Әуезовтардан бастау алған басылым, өткен ғасырдың ортасынан ауа бүгінде еліміздегі «Шерханның шекпенінен шыққан» шыққан үлкен бір журналистер қосынын жасақтады.
Егемендік алғаннан бастап қазақтың қам-қайғысын қал қадірінше жеткізіп келе жатқан басылым жаңа ғасырдың табалдырығын аттай сала азаматтық қоғам мен тәуелсіз журналистиканың қалыптасуына еңбек еткен қазақ тілді басылымдардың көшін бастады.
Аталмыш газеттің басында бұрындары мүйізі қарағайдай деп аталатын атаулы тұлғалар басқарса, белгілі қағам қайраткері, жүрналист Рысбек Сәрсенбайұлынан кейін газет басшылығы жастардың қолына өтіп әріптесіміз Руслан Ербота келді. Еліміздегі тәуелсіз басылымдарға деген қидаланып тұратын қиын кезеңде газеттің бар тиражын жоғалтпай оның жанына дербес интернет басылымын, тәуелсіз ой атай алатын журналистер қосынын қалыптастырды. Русланға бүгінгідей қиын кезеңде «Жас Алаштай» ел шындығын ашық айта алатын басылымның ошағын өшірмей хал қадірінше маздатып кеткеніне ризашылығымызды білдіре отырып, жаңа келіп жатқан Инга Иманбайға сәттік тілейміз.
«Жас Алаштың» жаңа санын шолып шыққанымызда:
Әуелде Инга Иманбайдың «Динара Құлыбаеваға – 5 миллиард доллар, көп балалы аналарға – 11 мың теңге» атты халықтың жоғын жоқтап, бүгінгі әлеуметтік жағдайды жеткізе жазған мақаласын оқыдық. Одан ары Әсел Жаңабаеваның «Сіз кімсіз, Ж мырза?» атты сараптамалық мақаласында өткен 30 желтоқсандағы Bek Air-дың авиакатастрофына, басшылығына және бізге беймәлім біраз тұстарына арнап сарабдал сараптама жасапты. Газеттің қай бетін ашып, қай бағанына көз салсаңызда қара қазақтың қамы. Газет  айнымапты. Жаңа басшы да алдыңғылардың анық һам ашық жолын сақтапты.  Бас қаладан бастап республиканың бар аймағынан ақпарт берген газетке ғұмыр тілеп, жаңа басшының алғашқы санына ырзалықпен ары қарайғы істеріне сәттілік, алдағы уақытта да азаматтық қоғамның, тәуелсіз журналистиканың, тәуелсіз басылмның шырақшысы болып қала беруіне  тілектестік білдіріп қайттық.

Ғасырлық газеттің тарихы тамырланып, қаймана қазаққа етер қызметі арта түссін!

"The Qazaq Times"