АҚШ пен Иран бір реткі соғыс қаупіне жақын қалғанда кері қадам жасасып, соғыстан бас тартқандай болды. Иранның Ирактағы АҚШ базасына жасаған зымыран шабуылынан кейін Уашингтон қайтарма жауап ретінде қарулы күш қолданбайтынын білдірді. Мәліметтерге қарағанда, Иран нысанаға алған базалар туралы АҚШ тарабы Ирак үкіметі арқылы алдын ала мәліметтер алып үлгірген. Шабуылдың зардабы да «төмен деңгейде» деп көрсетілді.

АҚШ президентінің сәрсенбідегі сөзінен кейін екі ел арасында қақтығыс қаупі біршама алыстады. Трамп Иранға қосымша санкция салу арқылы жауап беретінін білдірді және Құрама Штаттар бейбітшілікті қолдайтынын айтты. Дегенмен, Иран тарабынан қарулы шабуылдар жалғасуы мүмкін деген болжам да бар. Себебі, Теһран өзіне жақын аймақтардан АҚШ-тың бір жола бас тартуын талап етеді. Сондай-ақ, Иран басшылығы өз уақытында батыстың мүдделеріне, әсіресе кибер-шабуылдарға қарсы асимметриялық соққылар жасау туралы шешім қабылдауы да бек мүмкін. Бұл АҚШ пен Иранды тағы да қақтығыс қаупіне бастап барады деп болжайды.

Америкалық басылымдар бұдан бір апта бұрын аса құпия болған соғыс жоспарлары туралы там-тұмдап мәліметтер алып таратқан. Соның бірінде: «Ауғанстандағы Талибан немесе Ирактағы Садам Хусейн режиміне қарсы соғыстан айырмашылығы АҚШ күштері Иранды басып алып, елдің билігін құлатуды, жаңа жүйе орнатуды көздемейді. Есесіне, «Құдыс күштерін» қамтыған армиясын әлсірету; ядролық бағдарламасын толықтай жойып жіберу; Уашингтон көзқарасына сай Теһранның аймақтағы ықпалын тоқтату», – делінген.

Иранмен соғыс қауіпі төніп тұрған кезде Пентагонның әскери стратегтері және Ақ үйдің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері мен мамандары Иранмен болатын соғысты зерттеп көрген (Болуы мүмкін қақтығыс ошақтарын, әскери шығындарды және салдарын дегендей). Бұл туралы The New York Times басылымы да жазған еді. «Бір нәрсе анық еді, – дейді аталған басылым, – Иранмен болатын соғыс соңы 20 жыл ішінде АҚШ жүргізген соғыстардан (Ирактағы және Ауғанстандағы) мүлде басқаша болатын еді». АҚШ-тың әскери мамандары Иранға басып кіріп территориясын жаулап алу әрекетінің болмайтынын бірден айтады. Себебі, Иран Ирактан 4 есе үлкен және 80 млн халқы бар мемлекет, америкалық «жаулаушыларды» жылы қарсы алмайтыны белгілі.

Фото: Los Angeles Times

Сол кезде мамандар егер екі ел арасында қақтығыс орын алса онда бұның әуе соққылары мен теңіз үсті қақтығыстарынан және кибер-шабуылдардан тұратынын айтқан. Және Құрама Штаттарға тиесілі күштер қанатты және баллистикалық зымырандар арқылы, ұшқышсыз ұшу құрылғылары мен соғыс ұшақтары арқылы Иранның әскери кемелерін, әскери қоймаларын, генерал Сулеймани басқарған «Құдыс» күштерінің бас штабын, сондай-ақ, маңызды мұнай нысандарын да нысанаға алу керек деген жобалар ұсынылған. Иранда болуы мүмкін ядролық нысандар туралы да ескерілген. Дегенмен, Иранның ядролық нысандары туралы АҚШ мамандары өзінде бар мәліметтерді ашыққа шығармасы белгілі. Көбінде Иранның ядролық нысандары жер астына орналасқан делінеді. Соғыс кезінде сол нысандарды тауып жойып жібіруде ойластырылған екен.

Соғыс жоспары туралы хабарларға сәп салсақ, АҚШ әскери мамандары өздеріне төнетін қауіптер мен нақты қиыншылықтарды да тізіп көрген. Оның қатарында: Иран Сауд Арабияны қамтыған территорияларға артиллериялық шабуыл жасай алады; Сауд Арабиясының мұнай зауыдтарына шабуыл жасай алады; Парсы шығанағында немесе Ормуз бұғазында мұнай танкерлерін жойып жіберуі мүмкін; маңызды су жолдарына су асты миналарын қоюы мүмкін; Иран армиясы қарсы соғыс жүргізу қаблетіне ие... Иранмен болатын соғыстың соңғы 19 жыл ішіндегі Ауғанстан және Иракпен болған соғыстан мүлде басқаша болатынын айтқан әскери шенділердің бірі отставкадағы зениттік авиация генералы Дэвид Дептула.

Барак Обама тұсындағы қорғаныс министрінің көкмекшісі болған Дерек Шоллет сөзінде: «Бізде Иранды ырықсыз күйге қалдыратын көптеген амалдар бар, бірақ олар да солай, көптеген қауіпті әрекеттер арқылы бізді де ырықсыз орынға түсіре алады. Айталық, Парсы шығанағы мен көршілес елдерді нысанаға алуы мүмкін», – дейді. Ол және қазіргі шенеуніктерге ескерту жасап: «Егер біз бүкіл режимге қарсы тұратын болсақ, бірнеше еселенген соққы берсек болды Иран лидерлері сәтсіздікке ұшырап, келіссөзге келеді екен деп қателеспеуіміз керек», – деген. Яғни, Иран режимі бітпес соғысқа дайын екенін ескерткен.

Қорыта айтқанда, АҚШ үшін Иранның Ауғанстан мен Ирактағы қарсыластарынан өзгешелігі – Иран сөзсіз асимметриялық соққылар жасайды; Иракта, Сирияда, Ливанда немесе Таяу Шығыст пен Еуропадағы кез-келген елде Иранның қарлы агенттері АҚШ елшіліктеріне немесе әскери базаларына қауіпті соққылар бере алады. Бұған қоса Иранның кибер соғыс мүмкіндігі де жоғары. Екі ел арасында соғыс болған жағдайда Ирак соғыс алаңына айналады деген болжамды көп тарап растайды. Бірақ, Иранның әлемің бірқатар жеріне орналастырған қарулы күштерінің әсерімен бұл жағдай да тез өзгеріп кетуі де мүмкін деген АҚШ әскери мамандары. Сонымен, АҚШ-тың кері қадам жасауына да бұл факторлардың әсері болмай қалмады.

 

“The Qazaq Times”