12 желтоқсанда ел астанасында алты белсенді АҚШ елшілігінің алдына барып, "Қытайда қысымға ұшыраған этникалық қазақтардың мәселесіне көз жұма қарап отырған" Қазақстан билігін сынап, АҚШ-тан билікпен келісім жасаспай, санкция салуды сұрады. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

Белсенділер билікті Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесіне назар аудармайды, елде адам құқықтары сақталмайды деп айыптады.

Олар АҚШ мемлекеттік хатшысы, конгресс өкілдері мен Дүниежүзілік банк басшылығы атына хат тапсырды. Өздерін "405 қозғалыс" ұйымының мүшелері деп таныстырған белсенділер Қазақстан билігі адам құқығын жүйелі түрде бұзып жатыр, азаптауға жол беріп, Қытай билігіне этникалық қазақтар мен ұйғырларды қуғындауына қолдау көрсетіп отыр деп санайтындықтарын айтты. Олар Қазақстан видео бақылау жүргізетін Hikvision digital technology жабдықтарын сол мақсатта Қытайдан сатып алып отыр деп санайды. Олар қолдарында "Шыңжаңда қазақтар бар!", "Адам құқығын бұзғандармен келісім жасамау керек, оларға санкция салу керек" (қазақшаға аударылған) деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.

- Сыртқы істер министріміз АҚШ-қа мемлекеттік хатшымен кездесуге кетті. Біз Майк Помпеоның үнімізді естігенін, осы мәселелерді министр Мұхтар Тілеубердіге қойғанын, құқығымыздың не үшін бұзылып жатқанын сұрағанын қалаймыз. Тілеуберді бұған дейін Шыңжаңдағы лагерьлерде қазақтар жоқ деген болатын. Біз бұған наразымыз, бұл мәселе жабық күйде қалып отыр, оған риза емеспіз, - деді хатты оқыған Аня Шүкеева.

Белсенділерге дауыс күшейткіші бар бір адам келіп, бұл акцияның заңсыз екенін ескертті. Ол өзінің жергілікті атқару органнан келгенін айтты. Акция өткізіп жатқандарды полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.

Белсенділер елшілік ғимаратына кіріп хат тапсырып, одан кейін тарасты.

Дегенмен акция аяқталғаннан кейін бір сағаттан соң белсенді Аня Шүкеева шараға қатысқан Серік Жахин мен Айбек есімді белсендіні полицияның ұстап, Алматы аудандық полиция бөлімшесіне алып кеткенін хабарлады. Бұл ақпаратты Facebook желісінде белсенді Динара Мүбарак та растап, полиция бөлімшесі алдынан тікелей эфир жүргізді. Полиция өкілдері Азаттыққа ұсталғандар туралы ақпарат бермеді.

Бұдан бөлек, Аня Шүкееваның айтуынша, тағы бір белсенді Ербол Есхожин де Алматы аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Бұған дейін министр Мұхтар Тілеубердінің 12-13 желтоқсанда ресми сапармен АҚШ-қа баратыны, онда мемлекеттік хатшы АҚШ үкіметі мен конгресс өкілдерімен және Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесетіні хабарланған еді.

Астаналық белсенділер тек соңғы бір айдың ішінде оннан астам наразылық акциясын өткізіп, билікті адам құқықтарын сақтауға, саяси тұтқындарды босатуға шақырған. Олардың әрекетінің барлығы "рұқсат етілмеген митинг" деп танылып, кейбір белсенділер 10-15 тәулікке қамауға алынды немесе 20-50 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынды.

"The Qazaq Times"