Желтоқсанның 10-ы сағат 11:00-де Алматыда Жетісу аудандық сотында Арман Шораевтың арызы бойынша адвокат Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбілдаханқызына қатысты алғашқы тыңдау отырысы өтті.

Сәуле Әбілдаханқызының сөзінше, өзінің үстінен арызданған Арман Шораев 10 миллион теңге, ал белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспаннан бөлек 10 миллион теңге өтемақы төлеуін талап еткен. Сейсенбі күні азаматтық кодекс бойынша дайындық процесі өтті.

Жауапкер тараптың пікіріне қарағанда, Ресей Федерациясының азаматы, мәскеулік кәсіпкер Артем Лукашин мен қоғамға белгілі кәсіпкер Арман Шораев арыз жазып, Әділет министрлігі тарапынан «Абзал Құспанды адвокаттық лицензиясынан айыру мәселесі» бір кезде көтерілуінің «астары бар». Адвокат істе қоғамдық белсенді, журналист Сәуле Әбединоваға қатысты негіз жоқ деп есептейді. Мұны «заңға томпақ келетінін» айтқан Құспанның түсінігінде, Шораевтың ескертуінде бір кілтипан бар.

– Арман Шораев «Қазақ үні» газетіне сотқа дейінгі тәртіппен жүгінген. Сосын басылым басшысы Қазыбек Иса жарияланған материалды алып тастаған. Тиісінше оны сотқа бермей, ал Сәуле Әбілдаханқызына ондай ешқандай талап білдірместен бірден сотқа берді. Бұл сотта судья тарапынан да сұрақтар туғызды. Тікелей эфирде тілші сұқбат берушінің сөзіне жауапты емес. Енді алдағы сот процесі көрсетеді оны, – дейді ол.

Ал белгілі кәсіпкер Арман Шораев «Сәуле Әбділдаханқызы өзін блогермін десе де, заң бойынша ол БАҚ-қа жатпайды» деп санайды. Ол «менің әлеуметтік желідегі жазбамды оқыды, сол кезде неге алып тастамады» деп шамданады. Әсілінде, Сәуле Әбділдаханқызын көпшілік елге «Ақжүніс» бағдарламасы арқылы танылып, қоғамдағы көпбалалы әйелдер тақырыбын әлеуметтік желілір мен БАҚ-та көтеріп жүрген журналист деп біледі. Біздің білуімізше, оның мақалалары республикалық түрлі басылымдар мен онлайн порталдарда (мәселен, abai.kz) жарияланып отырады.

«Қазақ күресі» ұлттық федерациясының президенті Абзал Құспанды танымайтын, бұрын жеке байланысы болмағанын айтады. «Маған жоқ жерден бәле жапты» деп арызданған Шораевтың сөзіне адвокат  Құспан:

– Мені айыптап отырған себеп – менің қорғауымдағы азаматтар, Түкеев пен Әбішевтердің жауабына  сілтеме беріп отырып айтқаным. «...Айтуы бойынша осылай» деп қана айттым, – деп, жауап қатты.

Оның ойынша, қоғамға танымал адвокаттың өзіне сілтемелік сөзі үшін осылай іс қозғап жатса, басқа азаматтық белсенділердің беті қайтып қалуы мүмкін. Бұған қатысты сарапшылардың пікірі де адамдардың «ішкі цензуралық комплексін» күшейтуі мүмкін дегенге саяды.

– Ислам Әбішевпен сәлемім түзу. Бозымбаевпен бірге тапсырыс беріпті деген жала. Мен ондай адамшылыққа жатпайтын нәрсеге ешқашан бармайтын адаммын. Сондықтан мен сотқа жүгіндім. ...Сәуле заңды дұрыс білмесе, Абзал түсіну керек еді ғой. Сотқа бергенім – тек өзімнің жеке басымды қорғау емес, ертең адвокат жалдауға шамасы келмейтін қаншама қазақ бар. Мен олардың аузын күйдірем, – дейді талапкер Шораев.

Ал процеске жауапкер ретінде шақырылған Абзал Құспанның кешегі сот отырысындағы судьяның  іс жүргізуіне, сауаттылығына көңілім толған. Сондықтан әзірге «сот бейтараптылығына артар мінім жоқ» дейді. Белгілі болғандай, «Әбішев ісіне тапсырыс берушілер» қатарында аталған Шпекбаев пен Бозымбаев жағынан қандайда бір реакция болмаған.

Қоғамға белгілі кәсіпкерден «домалақ арызбен» істі болып жатқан Әбішевпен қатынасы жайында сұрағанымызда ешқандай жауластығы жоқ екенін жеткізді. Ол:

– Ислам ағаны, Серік Түкеевті, олардың істеген қызметін сыйлаймын. Мен де олардың бастарына төнген бұлт тезірек сейіліп кетсін деп тілеймін. Оларды қаматуға ешқандай мүддем жоқ. «Ислам ағаның алдында менің арым таза, құдай атсын!» – деп ағынан жарылды.

Белгілі құқық қорғаушы қазір «бір мәселемен төрт мекеме арасында, атап айтқанда, салық ограндары, әділет министрлігі, БҚО адвокаттар алқасы мен Алматыдағы Жетісу аудандық сотына» сабылып жауап беріп жүр. Адвокат «Әбішев ісімен» тұспа-тұс келген «жарыспалы шағымдардың» астарында «өш алу, кек қайтару» жатқан сияқты деп ойлайды.

Өзін адвокаттар тобы қорғап жатқан адвокат аталған арыздардың «астары бар» деп күдіктенеді:

– Сот барысында өзіміздің дәлелдерімізді келтіреміз. 5 адвокат қорғап жатыр. Айта кететін бір жайт, Арман Шораевтың қазан-қараша «бұрқыратып» жазған арызынан бөлек, бұрын бір істе менің қорғауымдағы азаматтан «арандатушылық әрекеттері» үшін жеңілген мәскеулік бір кәсіпкер Артем Лукашен адвокаттық лицензиямнан айыру туралы арыз жазған. Арыздың бәрі бір кезде қатар жазылуы әрі олардың сөз саптауының да бірдей болуы, меніңше, тегін емес, – деп секем алады.

Өзіне жала жапты дейтін, «жайдан-жай сотқа бермейтінін» айтқан Шораев:

– Сәуле «осы уақытқа дейін мені ешкім ешқашан сотқа бермеген» дейді ғой. Сотқа бермеді екен деп бұлай істеуге бола ма екен? Мен де намысты жігітпін, – дейді.

Моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге талап етуінің сырын басқаларға сабақ болуымен байланыстырды.

– 10 миллион маған бес тиынға да керегі жоқ. Егер сотта жеңсем, оны сол күні-ақ балалар үйіне аударып жібере саламын. Мәселе ақшада емес, әңгіме намыста. Азаматтар айтқан сөзін сараптау керек, – дейді айыптаушы Шораев. Сондай-ақ кәсіпкердің сөзіне қарағанда,  «өзіне жала жапты» деп білетін адвокат пен белсенді қателігін мойындап, онысын видеоға жазып, кешірім сұраса, соттан арызын алуға дайын екен. Сөз арасында Шораев «...Менің тапсырма бергенімді дәлелдеп берсін. Дәлелдей алмаса, кешірім сұрасын» деп нақтылай түсті.

Аталған азаматтық мәселе қоғам назарын аудартып, қызу талқыланып жатыр. Кешегі сот отырысына бірнеше автобус еріктілер, әр облыстан белсенді көпбалалы әйелдер келіп «қолдау» көрсететінін білдірді. 6 қаңтарға белгіленген алдағы отырысқа Жохар Өтебеков сынды өзге де адвокаттар қатыспақ. Өзінің айтуынша, ол әділет министрлігі мен белгісіз күштерден қысым көріп, өз саласынан аластатылып жатқан адвокаттардың біріншісі емес.

– Күні кеше республикалық адвокаттар алқасынан біраз белсенді әріптестер «неге хабар бермедің, біз араласамыз» деп хабарласып жатыр. Ең таңғалдыратыны, статистика бойынша Қазақстанда өз қорғауындағы азаматтарына ылғи ақтау үкімін шығартатын, ең сауатты, белсенді, қоғамға танымал адвокаттарды лицензиясынан айырып келе жатыр. Өмірімде өзімнің қорғауымдағы азаматтар тарапынан бірде-бір арыз түсіп көрген жоқ. Қызығы сол, әділет органдары тарапынан белсенді адвокаттардың әрекетіне тосқауыл бар. Былтыр біраз принципшіл қорғаушыларды лицензиясынан айырған болды.  Биыл астаналық Аманжол Мұхамедияров пен Ерлан Ғазымжановқа сотқа талап арыз жасалған, – деп толықтырды сөзін Әбішев қорғаушысы.

Әлеуметтік желі қолданушылары, тілші-лингвистер мен Әбішев тарапының белсенділерін қолдаушылардың пікіріне қарағанда, Сәуле Әбділдаханқызы мен Абзал Құспанның «тапсырыс берушілер» туралы сұхбатында ешқандай таңу не айыптау, нақақ кінәлау мәні жоқ. Тек өз қорғауындағы адамдардың айтқанына сілтей отырып, төлеу сөз түрінде нақты жеткізген.

Тілші Сәуле Әбединованың адвокат Абзал Құспаннан алған сұхбатынан үзінді. Материал Абай.кз сайтында "Әбішев ісі. Адвокат не дейді?" деген атпен жарияланған. Фото: abai.kz

Көпшілік үнемі қоғамның ең өткір мәселелерді көтеріп, бұхаралық талқы-бастамаға себеп болатын Абзал Құспан мен Сәуле Әбілдаханқызын айыптауға қарсы. Олар сот әділ шешім шығармаған жағдайда петиция жариялап, азаматтық наразылыққа шығатынын айтады.

"The Qazaq Times"