Қазан қаласында қамауда отырған ұлтшылдар Роман Халилов пен Руслан Архипов тағы екі қылмыс жасағанын мойындады, деп хабарлады Татарстанның тергеу комитеті. Олар Чад республикасының студентін өлтірген деген күдікпен ұсталған еді.

Күдіктілердің хабарлауынша, 2016 жылы желтоқсанда олар қырғыз азаматының бетіне газ шашып, одан соң соққыға жыққан. Ал биыл ақпан айында Ауғанстан азаматын металл бұйымдарымен сабаған.

Бұзақылық туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Халилов пен Архипов осы аптада ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ақпанның ортасында олар Қазан федералдық университетінің заң факультетінің студенті Махджуб Тиджани Хассанды соққыға жыққан.

Екеуі де жасаған қылмыстарын мойындады. Жергілікті баспасөздің мәліметі бойынша, олардың Қырғызстан, Ауғанстан және Үндістан азаматтарының соққыға жығылуына, сондай-ақ Қазандағы мұсылман зиратының қиратылуына қатысы болуы мүмкін.

“The Qazaq Times”