Ел президенті Қ.Тоқаев 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) империясының 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы мәлімдеді.
Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында 1269 жылы Талас өзенінің бойында шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, өз алдына дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізді.
Жошы ханның кесенесін зиярат еткен ел басшысы Қ.Тоқаев халықаралық туристік форумда «Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс. Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру керек. Биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс», – деді. Қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Алтын Орданың мерейтойын атап өтіп, негізін қалаушы әрі қазақ хандарының түпатасы Жошы ханның есімін ұлықтау жөнінде бастама көтерді.
«Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек», – деді президент. Сонымен қатар, Тоқаев «Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек. Аса маңызды миссия: бүкіл әлемнің назарын осындай тарихи тұлғаға аудару және оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру» қажеттігін айтты.
Алтын Орда – Жошы ұлысының орнына құрылған алғашқы мемлекеттердің бірі. Жошы ханның баласы Бату ханның кезінде Орда Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр жерді алып жатқан үлкен мемлекеттің орталығы алғашында Еділ бойындағы Сарай-Батуда болса, кейін Сарай-Беркеге көшірілген. 1227-1502 жылдар аралығында, үш жүз жылға жуық салтанат құрған сәулетті-сәулелі қағанат тарих көшінде Қазақ хандығының билігіне ұласа отырып, табиғи-тарихи тұрғыда мұрагерлік құқығын иемденген. Кейбір ғалымдар Бату ханның (1227-1255 ж.ж.) хроникасын дәлел түрінде негіз етіп, 2027 жылы «Алтын Орда империясының 800 жылдық мерейтойын» атап өту заңды дегенді айтады.