Өмірбек Бабанов Қырғызстанға қайтып оралды.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, тамыз айының 8-і күні «Республика» партиясының көшбасшысы Өмірбек Бабанов Бішкек қаласына келген. Дәл осы күні оның партияластары мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков пен экс-президент Алмазбек Атамбаевты мәселені бейбіт жолмен, заң аясында шешуге шақырған.
Өмірбек Бабанов 2017 жылы сайлауға қатысып, қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтан жеңілген. Сайлау науқаны кезінде сол кездегі мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев оны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені үшін «көрші елдің құйыршығы» деп атап, Ақорданы «біздің ішкі ісімізге араласты» деп айыптаған. Сайлаудан кейін Бабанов саяси мансабын аяқтайтынын айтып, елден кеткен. Осы уақытқа дейін ол Мәскеу қаласында болған.
Тамыз айының 7-інен бері Қырғыз елінде саяси өмір қызып тұр. Дәл осы күні Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынға президенті Алмазбек Атамбаевты ұстауға байланысты Қой-Таш ауылында арнайы операция өткізген. Операция барысында бір сарбаз көз жұмып, 45 адам жарақат алған. 8-ші тамыз күні Қой-Ташта арнайы операция қайтадан жалғасып, Атамбаев өз еркімен күштік құрылымдарға берілген.
Қазіргі уақытта Алмазбек Атамбаевқа жемқорлық бабы бойынша айып тағылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.