Қырғызстан экс-президенті Алмазбек Атамбаев Ақаев пен Бакиев тағдырын қайталай ма?
Бірнеше күннен бері Қырғызстан қоғамы Алмазбек Атамбаевтың елден кетуін талқылауда. Бірі «Атамбаев Ақаев пен Бакиевтің жолымен Ресейге кетпек» десе, енді бірі «экс-президент Қырғызстаннан ешқайда кетпейді» деген пікірде.
«Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» деген сөз бар қазақта. Сол айтпақшы, «Атамбаев шетел асуы мүмкін» - деген әңгіме де бекер емес. Осыдан бірнеше күн бұрын БАҚ беттерінде «Атамбевты Ресейдің Федералды кеден қызметінің экс-басшысы Андрей Бельянинов Мәскеуге шақырды» - деген ақпарат тарады. Атамбаевтың өзі аталмыш ақпаратқа байланысты :«Менің шетелге баруым мүмкін. Бірақ тек бірнеше күнге ғана» деп қысқа қайырды. Бұл онсызда қызып тұрған талқылауларды одан ары қоздырды. Оның үстіне жақында президент Сооронбай Жээнбеков Ресейге іссапармен барып, Кремль басшысы Владимир Путинмен кездесті. Ұзын құлақтардың болжамы бойынша, аталмыш кездесуде мемлекет басшылары Атамбаев жөнінде әңгіме қозғаған. Қырғызстандық саясаттанушы Марс Сариевтің сөзінше, Атамбаевтың ойында Ресейге түбегейлі қоныс аудару жоспары жоқ.
«Қазір Атамбаевтың Мәскеуге шақырту алуы оған белгілі бір дәрежеде саяси салмақ қосады. Сол себепті де қазір оның көңіл-күйі жақсы. Бірақ ол Ресейде қалады дегенге сенбеймін. Егер ол Мәскеуде қалатын болса, бұл оның саяси имиджіне соққы болады және ол Ақаев пен Бакиевтердің қатарына қосылады. Ол Ресейге қысқа уақытқа барады» - деп есептейді Сариев.
Бұған дейін Ресей билігі Атамбаев пен Жээнбеков арасында болып жатқан жағдайларға «бұл Қырғызстанның ішкі мәселелері» деген баға берген. Бірақ Жээнбеков-Путин кездесуі мен Бельяниновтың Атамбаевты Мәскеуге шақыруы синхронды түрде жүріп жатқандығына қарағанда, Кремль Бішкек маңындағы тартысты жіті бақылауда ұстап отырған тәрізді.
Жалпы, Алмазбек Атамбаев Мәскеу үшін өте қолайлы фигура. Бұлай дейтін себебіміз дәл осы Атамбаевтың билік басына келуімен Қырғызстандағы АҚШ әскери базасы жабылып, Ресеймен қарым-қатынас қалпына келтірілген. Бұған қоса Атамбаев Жээнбеков тәрізді көршілес Қазақстан және Өзбекстан президенттерімен анау айтқандай жақсы байланыста болған жоқ. Бұл Мәскеу үшін өте тиімді екендігі айтпаса да түсінікті. Тіпті ол бір уақыттары Қазақстанның сол кездегі басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты елдің ішкі істеріне араласты деп айыптап, жерден алып, жерге салған. Салдарынан қазақ-қырғыз шекарасында бірқатар қиындықтар орын алып, кейіннен билік басына Жээнбековтың келуімен жағдай қалпына келген.