Таяу арада Корей түбегінде тарих қайталануы мүмкін. Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлескен армиясы Солтүстік Кореяға айбат шегуін тоқтатар емес. Ал Солтүстік Корея болса «Сад» жүйесіне және АҚШ-Корея әскери одағына біріге қарсы тұру үшін Ресей мен Қытайды одаққа шақырды.
Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлескен әскери оқу-жаттығулары жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Әр жолғы әскери оқу-жаттығу кезінде Солтүстік Корея ескерту жасауы дағдыға айналған. Дегенмен, бұл ескертулерге ресми Сеуль пысқырып та қарамайтын. Бұл жолы Солтүстік Кореяның жасаған ескертуі Сеулге бұрынғыдан салмақты тиді. Себебі, биылғы екі елдің қадамы да Корей түбегінің жағдайын түбегейлі өзгертпек.
Солтүстік Корея ақпарат агенттігі кеше, 1 наурыз күні, «Солтүстік Корея, Қытай, Ресей бірлесе, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның одағына қарсы тұра ала ма?» атты сараптамалық мақала жариялады. Мақалада Оңтүстік Корея мен АҚШ «Сад» жүйесін орнату құрылысын жетілдірілген түрін жүзеге асырғалы отыр, Ресей, Қытай, Солтүстік Корея бұған ортақ қарсы тұруды кеңесіп жатқаны айтылған. Ресей мен Қытай жоғары лауазымды шенділері 28 ақпан күні Бейжіңде дипломатиялық кездесу өткізді. Әрине, кездесу тақырыбы «Сад» жүйесіне қарсы тұру болғаны анық. Сондай-ақ, КХДР сыртқы істер министрінің орынбасары да қытай астанасында сапарда болды. Бұл шынында аталған үш елдің «Сад» жүйесіне қарсы кеңесіп жатқанын дәлелдейді.
Қытай астанасындағы Солтүстік Корея дипломатиялық көздерінің хабарлауына қарағанда, Сеулдің АҚШ-пен бірге «Сад» жүйесін жеделдетуіне орай, Қытай тарапы Ресей мен Солтүстік Кореяны құпия келіссөзге шақырған. Аталған елдердің жасап жатқан қадамдары «Сад» жүйесінің түбек болашағына айтарлықтай әсер ететінін білуге болады.
XX ғасырдың ортасындағы корей елдерінің соғысынан кейін де, түбек мәселесі шешім тапқан жоқ. Екі ел түбекті бөліп билеген күйі қалды. Есесіне, Қытай мен КХДР қатынасын нығайтып, Сеул мен Бейжің арасына кірбең салып кетті. Отыз жылдан соң, яғни Қытай ішкі-сыртқы реформасынан кейін ғана Оңтүстік Кореямен сауда-экономикалық, ынтымақтастық барыс-келіс орнатты. Екі ел байланысы жиілеп, импорт-экспорт көлемі артты. Мәдени алмасулар да көбейіп, халықтардың түсіністігі жақсарған болатын. Ал қазір «Сад» жүйесінің орнатылуына байланысты, Қытай мен Оңтүстік Корея арасына қайта сызат түсіп отыр. Бір бұл ғана емес, Шығыс Азия өңірлік қайшылығы, қала берді Корей түбегі жағдайын ушықтырып алды.
«Сад» жүйесін орнату ісінің үстіне АҚШ-Корея бірлескен армиясының «Күшіген» әскери оқу-жаттығуының басталуы, түбекте соғыс туылу мүмкіндігін жоғарылатты. Екі тараптың қимыл-әрекеті тек соғысты кімнің бастауын күтіп тұрғанға көбірек ұқсайды. АҚШ-Корея әскери бірлестігінің қадамына Ресей, Қытай, Солтүстік Кореядан тыс, Оңтүстік Кореяның да көп азаматтары қарсылық білдіруде. Олар түбектің соғыс майданына айналып кетуінен алаңдайды. Сеулдегі АҚШ елшілігінің алдында қарсылық ереуілі жалғасып жатыр. Олар Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлескен армиясының «Сад» жүйесін орнатып, әскери оқу-жаттығулар өткізіп, түбек қауіпсіздігін қатерге қалдырмауын талап етеді.
Сонымен, Корей түбегінде өткен ғасырдың ортасындағы тарихи жағдай периодты қайталану алдында тұр. Сол кезде Кеңес Одағы мен Қытай солтүстікті, Америка оңтүстікті жақтап сұрапыл ұрыс салған болатын. Бұл ретте де Ресей мен Қытай Солтүстік Кореямен ортақ қарсы тұрудың шараларын құпия түрде ақылдасып отыр. Ал, АҚШ қорғаныс министрі Мэттис Оңтүстік Кореяны қорғауға табанды боламыз деп мығым сөйледі. «Сад» жүйесі орнап, Сеуль әскери әрекеттерді жиілете берсе, солтүстікті жақтаушы тараптарда соғыстан басқа таңдау қалмайды. Сан жылдан бері әскери шерумен ғана дөң айбат көрсеткен алыптардың, ендігі күш сынасу майданы Корей түбегі болмасына кім кепіл!
“The Qazaq Times”