Еуропада тұратын қазақтар кәрі құрлықта өсіп-өніп жатса да, ата салтынан жаңылған емес. Той, мереке, ас беру бәрі қазақ дәстүрінің жолын бұзбай өтеді. Бұл туралы Францияның астанасы Париж қаласында тұратын Әбдулсәмет Алтай ақсақал толығырақ баяндап берді.
Әбдулсәмет қария белгілі дін қайраткері Халифа Алтайдың екінші ұлы. Ол 1950 жылы Пәкістанның Пешевар қаласында өмірге келген. Кейін ел Пәкістаннан Түркияға көшіп барып, қоныстанады. Әбдулсәмет Анадолы жерінде өсті. Сол жерде 9 сыныпқа дейін білім алады. 1976 жылы отбасын құрады.
Францияда тұрып жатқан қазақтардың көбі өз салт-дәстүрін жақсы ұстанады. Арасында түркі ағайындармен үй болған жастар да бар. Біздің тойымыздың Қазақстан, Моңғолия, Қытай тағы басқа елдерде тұратын қазақтардың тойынан айырмашылығы аз. Біз де салт-дәстүрді сақтаймыз. Бесік той, сүндет той, тұсау кесер, қыз ұзату, келін түсіру бәрі қазақ салтымен өтеді. Қайтыс болған кісінің жерлеу, жетісін, қырқын, жылын беру де ата дәстүрге сай жүреді дейді Әбекең. Соңғы кезде ғана той дастарқанының жүйесі сәл өзгерген. Себебі, бұрынғыдай үйден ас әзірлеп, қой сойып, ет асу, бауырсақ, шелпек пісіру азайды дейді. Өйткені, той дастарқаны мейрамханада өтетін болған соң, сол жердің ыңғайына қарай бет бұрған.
Ал, өткен сенбі күні Әбдулсәмет Алтай түрік ағайындармен ұлы Рауанға қазақ салты бойынша құда болыпты. Түріктерден басқа ұлттарға қыз алып, қыз бермедік дейді қария. Еуропадағы қазақ жастары Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы мен Еуропа қазақ жастарының футбол турнирінде бір-бірімен танысып, араласады екен. Бұл жастардың бір-бірімен жақын байланыста болып, өзара табысуына көмектеседі.
Ал, жексенбіде сол қаладағы екі қазақ жас бас құрапты. Той беташармен басталған.
Қалай десек те, Еуропа сынды өркенді құрлықта өмір сүріп жатқан қандастарымыздың ата салттан әлі де ажырамай келе жатқан тектілігіне тәнті боласың.
Бесік тойдан көрініс
Құда түсу
Құдалыққа апарған қоржын заттары
Үйлену тойы
«The Qazaq Times»