Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев шенеуніктерге: «Қол соғып қолпаштағанша, жұмыс істеңдер».
Шавкат Мирзиеев Бұқара облысына жасаған сапарында жергілікті атқамінерлермен кездесті. Кездесу барысында ол мақтау мен мадақтаудан алдына жан салмайтын шенеуніктерге қатысты мәлімдеме жасады.
«Қол соғып қолпаштау мен мадақ айтуды тоқтату керек. Оның орнына әр үймен, әр адаммен мақсатты түрде жұмыс істеу қажет. Жұмыс әр көшеге, әр адамның жеке өміріне әсер етуі тиіс» -деді Мирзиеев.
Шавкат Мирзиеев осыған ұқсас сөздерді бұған дейін де айтқан. Ол 2017 жылы парламент депутаттарымен кездесуінде: «Ояныңдар, енді сендердің де абырой жинайтын уақыттарың жетті» - деп мәлімдеген.